05 September 2019
Бала құқығы

Аружан Саин Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жоспары жайлы айттып берді

Шілде айында Аружан Саин ресми түрде Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. 13 жыл бойы ол елдегі жас өскіндердің құқын қорғап, «Мейірімділік» ерікті қоғамы арқылы ауыр науқасқа шалдыққан, ата-ананың қарауынсыз қалған, зорлық-зомбылық көргендерге көмектесіп келеді. «Нағыз өз ісінің маманы келді». Тағайындау жайлы естіген халық әлуметтік желіде көбіне осындай пікір білдіріп жатты. Біз Қазақстанда балалар омбудсмені қандай жұмыс атқарады, бұл лауазымға келуімен нені өзгертпек деген сұрақтарды сұқбат барысында қойған едік.

Балалар арасындағы қылмыс, оқушылар арасындағы буллинг, суицидтің алдын алып, азайту шаралары жайлы білдік. Бала дүниеге сал ауруына шалдығып немесе ретинопатия болып келген кезде өмір бойы мүгедек болып қалмау үшін уақыттың қаншалықты маңызды екенін білдік. Бізге жабық балалар үйіне қарағанда арнайы отбасылар (фостерлік отбасылар) бала құқын жақсы сақтайтынын түсіндірді. Балаға қатысты құқық бұзылған жағдайда уәкіл қанша уақытқа дейін қолдау көрсете алатыны жөніндегі сұрағымызға жауап алдық. Материал көлемді болып шықты. Жайғасып отырып оқыңыздар.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл туралы Заң жайы

avatar

Аружан, Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл деген кім және оның жұмысы қандай?

avatar

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымы 2016 жылдан бері бар. Оны ел Президенті сайлайды. Балалар омбудсмені баланың заңды құқы мен мүдделерінің сақталуына жауап береді. Сондай-ақ қоғамдық және мемлекеттік ұйымдармен қарым-қатынасы барысында құқы бұзылған жағдайда араласады.

avatar

Бұл тағайындау жайлы естігенде қандай күйде болдыңыз?

avatar

Мен үшін бұл күтпеген жайт боды. Мемлекетік қызметке барам, креслоға отырам деп ешқашан алдыма мақсат қоймағанмын. «Ат баспаймын деген жерін үш рет басады» дейді. Рас болып шықты. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметіндегі ең маңызды тұс – жауапкершілік дер едім.

avatar

Бір жыл бұрын күрмеуі қиын болған мәселелер қазір оңай шешілетін болды. Мен бұл лауазымды қабыл алғандағы мақсатым БАҚ беттерінде жиі көрініп, күйіп тұрған мәселеде төрелік айтып жүру емес, еліміздегі бала құқы жиі бұзылатын істің түйінін шешу болатын.

Мен бұл лауазымды қабыл алғандағы мақсатым БАҚ беттерінде жиі көрініп, күйіп тұрған мәселеде төрелік айтып жүру емес, еліміздегі бала құқы жиі бұзылатын істің түйінін шешу болатын.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені
avatar

Омбудсмен ретінде өзгерткіңіз келетін жайттар бар ма?

avatar

Қазақстан Республикасындағы бала құқы жөніндегі Заңның Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институты жөніндегі бапты реттегім келеді. Бұл заңдағы талаптарды бір адам негізгі жұмысына қосымша қылып орындай алмайды. Ол – мүмкін емес. Еліміз үлкен, балалар да аз емес.

Бұл заңдағы талаптарды бір адам негізгі жұмысына қосымша қылып орындай алмайды.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені
avatar
Бала құқы кез келген жерде бұзылады. Мұндай лауазым енгізген кезде әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстандағы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жұмыс ерекшеліктерін ескеру керек еді. Оның білдей бір аппараты — яғни, жалақы алатын командасы бар. Міндетін атқару барысында қажет болатын шығындары да жеткілікті. Бұрындары біздің Қор «Балалар омбудсмені Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жанында болуы керек» деп жиі айтатынбыз. Бала да адам.
avatar

Екінші ұсыныс — Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетті Білім және ғылым министрлігінің құзіретінен шығарып, ведомствоаралық ету керек. Бала құқын қорғау — ауқымды сала. Оны бір БжҒМ қамти алмайды. Білім және ғылым министрлігі баланың біліміне жауап береді. Ал бала құқы барлық салада бұзылуы мүмкін. Денсаулық сақтау барысында, әлеуметтік қорғау, ІІМ, Әділет министрлігі тарапынан да бала құқын қорғау керек кездер болады. Егер Комитет ведомствоаралық болса оның төрағасы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ролін атқара алар еді. Заң өзгермейінше уәкілдің міндеті қоғамдық жұмыс ретінде қала береді.

avatar
 Бұл ұсыныстар заңға қашан кіреді деп ойлайсыз?
avatar
Біз қазір осы мәселені Президент әкімшілігімен және бейүкіметтік ұйымдармен талқылап жатырмыз. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл жұмысының әлемде талай керемет үлгілері бар. Заңды жасағанда балалар омбудсмені болып кім қызмет етсе де міндетін үздіксіз атқаратындай етіп жасауға тырысамыз. Алдағы жылы жүзеге асырамыз деп үміттенемін. 
Заңды жасағанда балалар омбудсмені болып кім қызмет етсе де міндетін үздіксіз атқаратындай етіп жасауға тырысамыз.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені
avatar

Заң өзгермеген қазіргі кезде балалар омбудсмені қалай жұмыс істеп жатыр?

avatar

Қордың байырғы әріптесі, балаларға ұдайы қолдау көрсетіп отыратын Еркін Тәтішевтің арқасында мен қосымша адам жалдауға мүмкіндік алдым. Былай қарағанда ештеңе өзгермеген де сияқты. Қор ұдайы көмек сұрағандармен бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Біз «Балаларға өмір сыйла», «Жетімі жоқ Қазақстан», «Аутизмді жеңеміз» сияқты акциялардың шеңберінен баяғыда шығып кеткенбіз.

avatar

Келіп түскен өтініштер бойынша құқық қорғаушы ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанымызға біраз болды. Қорға келетіндердің жағдайы әр түрлі. Мүмкіндігі шектеулі, қамқоршысы жоқ балалардың құқы бұзылады, мүлікке қатысты хақы желінеді, денсаулығына байланысты көмек керек т.с.с. Қазір де осы жұмыстарды атқарып жатырмыз, тек уәкіл ретінде кірісемін.

avatar

Құқық бұзылған жағдайда Уәкілмен қалай байланысуға болады?

avatar

info@detdom.kz электронды пошта арқылы, балаларға арналған сенім телефоны — 150. Азаматтар нақты бір баланың құқы бұзылғаны жайлы жазып жатады. Сондай-ақ бейүкіметтік ұйымдардан, ата-аналар қауымдастығы, балалардың өзінен сұраныстар аламыз. Мән-жайды анықтау үшін әркез бала құқын қорғауға жауапты мемлекеттік органдарға сұрау саламыз. Әзірге жылдам жауап келген кезі жоқ.

avatar

Уәкіл ретінде заңдағы «бала құқы мен мүддесі бұзылған жағдайда ғана мемлекеттік органдарға сауал қоюға болады» деген тұсына сүйенемін. Балалар омбудсмені мемлекеттік органдардың әрекетіне, әрекетсіздігіне, шешіміне деген шағымдарды қарастырады. Үкіметке, заңға ұсыныс бере алады, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қорғаныс, мәдениет т.б мемлекеттік мекемелерге шыға алады.

avatar

Сондай-ақ бала құқымен айналысатын мемлекеттік мекемелер мен институттардың құжаттарына да қол жеткізе аламыз. Егер сауал жолдасақ мемлекеттік органдар жауап беруге міндетті. Мұндай құзірет балаларға қолдау көрсету процесін едәуір жеңілдетеді. Ал бейүкіметтік ұйым болсаң саған назар аудармай қоюы мүмкін.

avatar

Көбінесе біз жергілікті атқарушы билікпен, кейде министрлік, үкіметпен бірлесіп жұмыс істейміз. Кейде азаматтар тек түсіндіруді қажет ететін мәселелер бойынша да хабарласып жатады.

Баланың бос уақытын ұйымдастырудың маңызы жайында

avatar

Қазір алға қойған басты бағытыңыз қандай?

avatar

Құқықтық қорғауды, араласуды қажет ететін жеке бас мәселелері бар. Қол жеткізсек дейтін жаһандық мақсаттар да жоқ емес. Ең алдымен балалар мен жастарға деген мемлекеттік саясатты өзгерту керек. Көп балалы, ерекше қамқорлықтағы балалары бар аналармен кездескен кезде айтылатын проблема көбінесе бірдей болып келеді. Ол проблема бала өсіріп отырған қарапайым отбасыларда да бар.

avatar

Балалар суициді, буллинг, балаға зорлық-зомбылық көрсету мәселесі де өзекті. Балалар арасында қылмыс көбейіп, қылмыскерлер жасарып бара жатқанын байқап отырмыз. Түбегейлі шара керек. Тек психологтың көмегімен мәселе шешілмейді. Психологиялық көмек маңызды дегенмен де ол себебімен емес салдарымен айналысады.

avatar

Тұлға болып өсуі үшін балаға тек орта білім ғана емес, талантын жан-жақты ұштайтын мүмкіндік те керек екені даусыз. Бала арманшыл болып келеді. Біреулер музыкаға бейім болса, екіншісі спортқа үйір. Ғылым, өнер, би секілді салаларға бет бұрғысы келетіндер қаншама.

avatar

Баланың бейімділігін байқаған бойда оны дамытып, қолдау көрсету арқылы салауатты да сауатты, сапалы азамат қалыптастыруға болады. Бұл әлемге ортақ заң. Қазақстан табиғи байлықтарының арқасында жоқшылық көрмей отырғанмен, біраз уақыттан кейін ол түгесіледі. Міне сол кезде елді дамытатын білімді, білікті азаматтар болмаса – болашақты болжаудың өзі қорқынышты. Біз Сингапур, Жапония, Еуропа елдерінің әлемге технология ұсынып, интелектуал азаматтарының еңбегімен көркейіп келе жатқанын көріп отырмыз.

Баланың бейімділігін байқаған бойда оны дамытып, қолдау көрсету арқылы салауатты да сауатты, сапалы азамат қалыптастыруға болады.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені
avatar

Адам капиталының сапасы интеллект, талант, сыни ойлай білуінде. Ол әр баланың бойынан табылады. Оны сәби кезінен дамыту керек. Балалар — болашағымыз. Ертеңгі сүйенеріміз осылар. Балалардың талантын тану мен ұштау — мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе және дамуымыздың жалғыз жолы.

avatar

Бұл проблемаларды шешудің жолы қандай?

avatar

Аяқ жетер жердің бәріне балаларға арналған үйірмелер ашу керек. Сингапурда баланың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Олар ең үздік білім беру үлгілерін қолданады. Ең әсем ғимарат – мектеп, колледж, университеттер. Әр мектеп жанында, әр ауданда түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Осының арқасында «таңғажайып экономикаға» қол жеткізді.

avatar

БжҒМ екі үйірме немесе секцияға жан басын қаржыландыруды енгізуді ұсынады. Егер бала одан да көп үйірмеге қатысамын десе ата-анасы өз қалтасынан төлеу керек.

avatar

«Тегін үйірме» деп атауға болмайды. Бұл — халықтың үкіметке төлеген салығы!

avatar

Біздегі баламен жұмысқа деген бюджет әкімдік жанындағы білім беру басқармасының қосымша білім беру бөлімі мен мәдениет және спорт басқармасы арасында бөлінеді. Бұл бюджеттің бәрін балаларға арнап бөлуге қол жеткізуіміз керек. Екі сағаттық шаралар үшін бюджет ақшасы қалай шашылатынын көріп жүрміз. Ал баланың бос уақытын сапалы қамтамасыз ету шаралары жоқтың қасы. Сондықтан да президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиімсіз, қымбат сауықтардан тыйылу керек деді. Әрине қарсылық, секцияға бала санын артық жазып көрсету секілді жағдайлар болуы да мүмкін.

avatar

Оның қалай алдын алуға болады?

avatar

Ең бастысы балаларға арналған орталықтар, спорт пен музыка мектептерін жабуды тоқтату керек. Тіпті соғыс кезінде де театр мен музыка мектептерін жаппаған. Бұл жерде саяси тұрақтылық пен қатаң қадағалау керек.

avatar

Мысалы денсаулық сақтау саласы цифрландырыла бастады. Енді кімге қандай қызмет көрсетілгені, қандай ем алғаны, мемлекеттік қамтамасыз ету аясында қандай тегін дәрі алғаны түгел көрініп тұрады.

avatar

Балалармен жұмыс — ол да қызмет және маңызды қызмет. Біз ұсынған жүйе тез аяққа тұрады. Себебі мектептер жан басына шағып қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеуді бастап кетті. Артық бала жаза да алмайды.

avatar

Инфрақұрылым жетіспейтіні туралы да көп айтуға болады. Бірақ БжҒМ мен Қосымша білім беру орталығына қолда бар орталықтарды сақтап қалғаны үшін алғысым шексіз. Жаңа секциялар ашу үшін әкім сол Білім ошақтарын пайдалануына болады. Бизнеске ғимаратты жалға алуға көмектесіп, жаттықтырушының еңбекақысын төлеп тұрса да көп көмек. Сауда орталықтарында бос тұрған орындар көп. Алматыдағы спорт сарайы, Алматы-Арена, Халық-Арена, театр, кітапхана секілді мемлекет балансындағы ғимараттар әр қалада бар.

avatar

Бұл жерде әкімнің табандылығы керек. Азаматтардың өз құқын біліп, бала құқын сақтауда қырағылық танытқаны жөн. Қазір отбасының жағдайы, ата-аналардың білім деңгейі, тұратын жеріне қарамастан әр баланың талантын ашуға жағдай жасауымыз керек. Бір жылдан соң-ақ нәтижесін көре бастаймыз. Балалар арасындағы қылмыс азаяды. Бос уақытында сенделіп жүрмейді, бұзықтық жасауға уақыты да болмайды. Шатыр жағалап, әркімге соқтығудан арылады. Сананы тұрмыс билейтінін білесіздер ғой. Біз осы жолды таңдауымыз керек.

Қазір отбасының жағдайы, ата-аналардың білім деңгейі, тұратын жеріне қарамастан әр баланың талантын ашуға жағдай жасауымыз керек. Бір жылдан соң-ақ нәтижесін көре бастаймыз. Балалар арасындағы қылмыс азаяды. Бос уақытында сенделіп жүрмейді, бұзықтық жасауға уақыты да болмайды.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені

Баланың денсаулығы мен уақытымен оңалуға қатысты құқы

avatar

Жақсы. Денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік қорғау саласын жетілдіруге қатысты қандай ұсыныстарыңыз бар?

avatar

Тағы бір жаһандық мақсат — саны артып келе жатқан мүгедектік проблемасын шешу. Жүйенің солқылдақтығынан сап-сау болып дүние есігін ашуы тиіс сәбилер мүгедек атанып жатыр. ДДҰ стандарты бойынша әлемде жарты келі болып туған баланы түсік деп санамайды. Күтімдеп адам қылады. Уақыты жетпей туғандықтан олардың көру жүйесі толық жетілмей, ретинопатия қаупі туады. Көп жағдайда туа салып белгілі бір медициналық шараларды қолданса көру қабілетін сақтап қалуға болады. Ондай операцияны тек Алматы мен Шымкентте жасайды. Дәрігерлер бар баланы бірдей қабылдай алмайды. Біздің қорға осы себепті жиі хабарласады.

avatar

Шала туған баланы шет елге жібере алмайсыз. Ол айлап перзентханада жатады. Ал шыққан кезде кеш болады. Бізде осындай балаларға көмектесе алатын мамандар бар. Бірақ оларды ешкім іздеп жатқан жоқ, тыңдайын да демейді. Егер уақыт өткізбей көмек көрсетсе бала сауығып кетеді. Ал бізде көбінесе мәңгіге соқыр болып қалады. Баланың құқы бұзылып қана қоймай, мүгедекке айналып, бюджетке жүк те болады. Өмір бойы мүгедектік бойынша асырағанша ол баланың сауығып кетіп, кейін өзі біреулерге қол ұшын бергені артық емес пе?

Егер уақыт өткізбей көмек көрсетсе бала сауығып кетеді. Ал бізде көбінесе мәңгіге соқыр болып қалады. Баланың құқы бұзылып қана қоймай, мүгедекке айналып, бюджетке жүк те болады.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені
avatar

Жүйке жүйесі аурулары жайында да осыны айтуға болады. Бізде жүйке жүйесінде кінаратпен туған балаларға диагнозды тек үш жасқа таман қояды. Сол себепті уақытымен оңалту көмек ала алмайды. Шын мәнінде баланы дереу есепке алып, ем бастау керек. Үш жыл ішінде ауру меңдеп кетеді. Ал жаңа туған баланың миы икемді. Ерте ем бастаса ми бөліктері қалпына келіп, сал болып қалмайды.

avatar

Туа салғаннан үш жасқа дейін ем бастаса процедура күрделі емес, шығын да көп болмайды. Дәрі, массаж, электрофорез секілді құралдар көмектеседі. Алайда оңалту орталықтарына тек үш жастан бастап жібереді. Кеш басталған емге біз қыруар қаржы жұмсауға мәжбүрміз. Нәтижесі де сәтті бола бермейді. Бұл кешенді көмек әлемде «медициналық-психологиялық әлеуметтік оңалту» деп аталады. Ал біздегі оңалту БжҒМ, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзіретінде. Үш бірдей министрлік, нәтиже нөл.

avatar

Үш министрліктегі қаржыны алып бір органға беру керек. Қазір бұл мәселе де талқыланып жатыр. Біздің ұсыныстарымыз Қор тапсырмасымен дәрігер-ғалымдар жүргізген зерттеулерге сүйенген. Зерттеу этика комиссиясынан өтті. Оның нәтижесі бойынша мүгедектік саны артып келе жатқаны анықталды. 1990 жылы 100 балаға шаққанда 25,6%-ы мүгедек атанса, қазір бұл көрсеткіш — 85,33%! Әр цифр бір адамның тағдыры. Сауығып кетіп немесе аса ауыр мүгедек атанбауға мүмкіндігі болған адам тағдыры.

avatar

Бұл көрсеткіш тірі туу стандарты өзгергендіктен деп түсіндіреді. Бірақ бұл ерте бастап араласып, шешуді қажет ететін кешенді шаруа. Екіншіден, екіқабат әйелді қадағалау ісі әлсіз. Тұқым қуалатайтын ауру, гендік өзгерістер де үлкен роль ойнайды. Бірақ ол сараптамаларды елдің бәрінің қалтасы көтере бермейді. Бұл жерде Денсаулық министрлігінің шешімі керек. Ертең толыққанды азамат болып ер жететін бала өмірінің сапасы әкімдердің де жуапкершілігінде. Олар перзентхана, емхана, ауруханаларда қай тұста қолдау керек екенін білуі керек. Бұл мәселені жүйелі түрде шешкенде мүгедектік саны да азая түседі.

Баланың отбасыда өсу құқығы

avatar

Кәсіби отбасылар институтын құру жөніндегі ұсыныстарыңыз қолдау тауып жатыр ма?

avatar

Бала отбасыда өсуі керек. Осыған қол жеткізу — үшінші жаһандық мақсатымыз. Біз әлемдік тәжірибе – фостерлік отбасылар жүйесін дамытуды ұсынамыз. Дамыған елдерде ата-анасынан айырылған бала мемлекеттік мекемеге емес кәсіби отбасыға түседі. Фостерлік отбасы мемлекетке жұмыс істейді. Жақсы ақша алады. Психология, педагогика, алғашқы медициналық көмек барысынан хабары мол.

Бала отбасыда өсуі керек. Осыған қол жеткізу — үшінші жаһандық мақсатымыз.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені
avatar

Балалар үйінде адам ауысым бойынша істейді. Қатаң, жабық орта. Ал кәсіби отбасыға түскен бала күні-түні қамқорлықта болады. Бұндай отбасыда бала үш айға дейін тәрбиеленеді. Егер осы уақыт ішінде биологиялық ата-анасы болса мемлекеттік органдар мен бейүкіметтік ұйымдар көмек көрсетіп, үйіріне қосады. Егер ол мүмкін болмаған жағдайда асырап алатын отбасы іздейді.

avatar

Кейде жағдайсыз отбасыларда да балалар өсіп жатады. Ересек, мектепке бармайды, ешкім олармен арнайы айналыспайды. Ондай балалар ортаға тез сіңіп кете алмайды, отбасыға үйреніп кетуі де екіталай. Мұндай жағдайда «SOS — балалар ауылы» сияқты отбасылық балалар үйі институты көмекке келеді. Біз фостерлік отбасылар жүйесіне тез көше аламыз.

avatar

Бұған жылдам көшуге болмайды деген де пікірлер бар. Бірақ біз қадам жасағалы 20 жыл болды. Бұл жердегі ең назар аударарлығы балалар үйіндегі сәбилер терең психологиялық жарақат алады да өмір бойы одан арыла алмайды. Бала өкімет үйіне емес, толыққанды отбасыға баруы керек.

avatar

Бұны жүзеге асыру үшін не керек?

avatar

ЮНИСЕФ кездесуі кезінде біз келісім жасадық. Олар кәсіби отбасылардың үздік үлгілерін енгізуге, біздегі отбасыларды оқытуға көмектеседі. Уақыт өте келе бұл жүйені енгізе отырып балалар үйі жабылып қалатын жағдайға жетеміз. Сөйтіп балаларға отбасыда тәрбиелену құқын береміз.

avatar

Жыл сайын 1200-1500 отбасы ата-анасыз қалады. Олар үшін 300-400-дей кәсіби отбасы керек. Қазір балалар үйлерінде шамамен 5000 бала өсіп жатыр. Егер ақырындап отбасылар санын көбейтсек балалар үкімет үйіне түспейтін болады. Олар бірден фостерлік отбасыға барады.

avatar

Ол отбасыларды кім қадағалайды?

avatar

Асырап алған баланы қадағалау оңай. Баланың қалай өмір сүріп жатқанын бәрі көріп отырады. Ол мектепке барады, көшеде ойнайды, басқа балалармен араласады. Ересектер мен қатарластарының назарында болады. Егер балаға жағдай жасалмай, таяқ жейтіні белгілі болса, психологиялық қысым көрсе немесе аш болса көзге түседі. Ал балалар үйі, қайталап айтам, жабық мекеме.

avatar

Мысалы, Түркістан облысындағы жағдайды алайық. Үш қыздың өгей шешесінен зәбір көріп жүргенін мектеп хабарлады. Олар мектепке барғалы біраз жыл болған. Өгей шешесімен тұрып жатқанына да үш жыл. Мектеп ол мәселені қалай көтергенін білесіз бе? Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев соның алдында білім беру ұйымдары басшыларымен кездескен. Ол жиында БжҒМ Қосымша білім беру орталығының басшысы Раиса Шер, ЮНИСЕФ, Роза Ақылбекова, бейүкіметтік ұйымдар болды. Сол жерде мен ересектердің қылмысты жасырып қалып, көбінесе жазасыз қалатынын айттым. Заң бойынша кез келген азамат заң бұзушылық болған, болайын деп жатқанын білсе — мәлімдеуі керек. Сол кезде Ө. Шөкеев қылмысты жасырған адамдар қатаң жазалатанатынын қадап айтты. Жергілікті жерлердегі заң бұзушылыққа деген көзқарас саяси табандылыққа тікелей байланысты екенін ылғи байқаймыз.

Жергілікті жерлердегі заң бұзушылыққа деген көзқарас саяси табандылыққа тікелей байланысты екенін ылғи байқаймыз.
avatar
Аружан Саин балалар омбудсмені

Қысылғанға көмек

avatar

Егер болған қылмыс жайын айтар болсақ, Уәкіл қанша уақыт қадағалай алады?

avatar

Ең бастысы — қылмыс дәлелденуі және заңды шешім шығуы керек. Бала құқы қорғалып, кінәлі адам жазалануы керек. Қолдау көрсету жайлы Уәкіл ретінде емес, Қордың оларға қандай көмек көрсететіні жайында айтайын.

avatar

Әр заң бұзушылықты жеке қарастыру керек. Кикілжіңді жағдай шешімін тапқан соң ол қандай отбасы екеніне назар аударамыз. Ата-анасы бар ма, туған-туыстан көмек бола ма, көрші-қолаң мен үкімет қарайласа ма. Кейде мүлдем жалғыз және қамқоршысы жоқ адамдар болады. Мұндайда соңына дейін қолдау керек болады.

avatar

Абай ауылындағы баланы еске алайық. Ол кезде кінәлілер анықталып, қылмысы дәлелденіп, жазасын алды. Біз ол отбасыға әлі де көмектесіп келеміз. Қор еріктісі анасына пәтерін беріп, көшіп келуіне көмек көрсетті. Балаға біз психологиялық көмек алуға септесіп тұрамыз. Нәтижесі жақсы болатынына сенеміз.

avatar

Қазір де зорлық бойынша бір іске қолдау көрсетіп жатырмыз. Әлі тергеу орындары шешім шығармағанмен, жәбірленуші бар. Ресми жауап алғанша біраз уақыт өтеді. Сондықтан да біз жергілікті билік өкілдеріне сұрау салып, білім беру басқармасы өкілдерімен сөйлесіп жатырмыз. Ол жерде балаға психологиялық көмек көрсетілмей, бала өз-өзіне қол салмақ та болған.

avatar

Мұндайда қағазбастылық емес, әрекет керек. Әрекет деген — баланы назарсыз қалдырмау. Әр ауданға белгілі бір денсаулық сақтау, білім беру, әлемуеттік қорғау басқармасы жауапты. Бала жәбір көргені белгілі болса біреу сұрау салады деп күтіп отырмай, отбасына көмекті бастай беріңіздер.

avatar

Жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне отбасы мен баланың жағдайды тәуелді. Әр мектепте психолог, инспектор бар. Қылмыс дәлелденбесе де бала жалғыз қалмай, қолдау көруі керек. Айналасында көмекке келер адамдар болуы керек.

avatar

Бізде көбінесе қылмысты жасырып, кінәліні ақтап алуға тырысады. Балалар мен отбасы қысымға ұшырайды. Аудан әкімі, білім басқармасының басшылығы, учаскелік полиция қызметкері балаға телефон нөмірін беруі керек. Бала еріккенде қоңырау шалмайды. Ал оған немесе отбасын қорқытып-үркіту басталса — сіздер бірінші болып білесіздер. Осындай әрекетті бала құқына жауапты барлық мамандар жасаса, адамгершілігіміз асар еді.

avatar

Біздің елде бала жиі жәбірленеді. Бір адам барлығына қорған болуы мүмкін емес. Әр ауыл, аудандағы бала қауіпсіздігіне қатысы бар мемлекеттік органдар тізе қосып жұмыс істеуі керек. Осы жүйені енгізсек және ол қапысыз жұмыс істей бастағанда омбудсменнің жұмысы да азайып, бала құқы да аз бұзылатын еді.

Аружан Саинға күш-қуат пен сәттілік тілеп, бала құқын қорғау деген жауапты істе жеңіс тілейміз.