19 January 2017
Бала асырап алу

Әминаны асырап алған Әсемгүлдің әңгімесі

Жыл сайын көптеген отбасы балалар үйінен бала асырап алу жөнінде шешім қабылдап жатады. Бүгін біз сондай аналардың бірі Әсемгүл Сейтенованың оқиғасын баяндаймыз. Әсемгүл кішкентай Әминаны бауырына басқанға дейінгі басынан өткерген жайттарын айтып, өзінің бала асырап алу тәжірибесімен бөліседі. 

avatar
Өзіңіз туралы, отбасыңыз туралы айтып беріңізші? 
avatar
Жасым 35-те, Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келдім. Мектепті бітіргеннен кейін Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсіп, жоғары білім алдым. Екі жыл сақтандыру бизнесінде жұмыс істеп, Халықаралық Бизнес академиясына МВА бағдарламасына оқуға түстім. Жалдамалы қызметкер ретінде түрлі салада қызмет етіп үлгердім. Сақтандыру саласы, құрылыс, теміржол, медицина және банк саласында қызмет еттім. Соңғысы уақыт өте келе негізгі жұмысыма айналды. Бес жыл Қазақстандағы ірі банктердің бірінде директордың орынбасары әрі фронт кеңсенің басқарушысы болып, басшылық қызмет атқардым. Ал өткен жылдың қазан айында өзімнің жеке ісімді бастау жөнінде шешім қабылдап, консалтинг компаниясын аштым. Кәсіпкерлерге мемлекеттік грант, субсидия және несие алу кезінде көмек көрсетеміз (Қазақстанда және шет елдерде). Сонымен қатар тренерлік қызмет атқарамын, көпшіліктің алдында сөйлеу және эмоционалды интеллект бойынша дәріс оқимын. Қазір 8 сағаттық жұмыс күніне байлаулы емеспін, жұмыс тәртібім еркін. Бұл уақытымның көп бөлігін қызыммен өткізуге мүмкіндік береді.
avatar

Бала асырап алу жөніндегі шешімді қалай қабылдадыңыз? 

avatar

Ана болғым келді, өзімнің біреуге қажет екенімді сезінгім келді, сондықтан бала асырап алу жөнінде шешім қабылдадым. 2015 жылдың 15 тамызында қаладағы қамқорлыққа алумен айналысатын мекемеге барып, кезекке тұрдым. Бұған қосымша таныстарым мен достарыма асырап алатын бала іздеп жүргенімді айттым, ана болуға дайын екенімді әлеуметтік желіде жаздым, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға хабарластым. Бала асырап алғым келетінін неғұрлым көп адамның білгенін және солардың арасынан асырап алу жөнінде мәлімет беретін адамдар табылғанын қаладым. Үш жұмыс күні ішінде қажетті құжаттарды жинап, уәкілетті органға өткіздім. Бірақ Астанадағы Сәбилер үйі мен балалар үйлерінде мен іздеген талапқа сай бала болмады.

avatar

Содан кейін бала асырап алу мәселесімен айналысатын мекемеден барлық облыс орталықтарындағы тиісті мекемелерге жолдама алып, әрқайсысына барып, өзімнің сәбиімді іздестіре бастадым. Бір күні Щучинскідегі Сәбилер үйінде менің іздеп жүрген қызым бар екені жөнінде ақпарат келді. Ол жерге барып едім, ұлтым сәйкес келмеді (қыздың ұлты кәріс екен) әрі менен бұрын өтініш беріп қойған кәріс ұлтының өкілдеріне басымдық берілді. Көңіл-күйім түсіп, енді кетейін деп тұрғанмын. Бірақ дүниеде кездейсоқ ештеңе болмайды деген рас екен. Әрі-сәрі күйде тұрғанымда бір кішкентай қыз жүгіріп келіп, тіземнен құшақтай алып, бар даусымен маймақ аю туралы тақпақ айта бастады. Екеуміз таныстық, аты Әмина екен. Өзі «Үміт» тобының тәрбиеленушісі болып шықты. Әминамен әңгімеміз осымен тәмам болды, себебі, талап бойынша, арнайы белгіленген баладан басқа ешкіммен сөйлесуіме болмайды екен. Бұл құпиялық шартты бұзатын көрінеді.

avatar

Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ еді, сондықтан мұны жылы жауып қойып, әрі қарай бизнесімді жүргізе бердім. Арада екі ай өткенде, желтоқсанның орта тұсында маған Щучинскіден хабарласып, Әминадан анасының және туыстарының бас тартқанын, ал менің оны асырап алуға мүмкіндігім бар екенін айтты.

avatar
Жаңа жылдың алды, шаруа шаш-етектен, жобаларым, тренингтерім болған, мен осының бәрін жиып қойып, жолға шықтым. Арада үш сағат уақыт өткенде қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін Щучинскінің пойызында кетіп бара жаттым. Келесі күні таңертең құжаттарымды өткіздім. Ал арада үш күн өткенде қамқорлыққа алып, әрі қарай асырап алу жөніндегі қаулы қолымда болды. Егер біреулер 4 айда бала табу мүмкін емес, пара берген болар деп ойлайтын болса, қатты қателеседі. Маған өзімнің ана болсам деген ниетім мен дайындығым көмектесті-ау деймін. Жолым болғаны деп білемін және Құдайға мың да бір шүкіршілік айтамын. 
avatar

Бала асырап алу кезінде жетім балалар туралы http://www.bala-kkk.kz/ru/node/578 мәліметтер базасы көмектеспеді ме? Бала асырап алушы ата-аналарға кеңес беретін кабинеттің қызметін пайдаландыңыз ба (республика көлеміндегі 1422 call-орталығы)? 

avatar

Иә, бала асырап алушы ата-аналар мен оларға кеңес берушілердің форумында бұл база туралы естігенмін. Көпшілігі асырап алатын бала табудың қиын екенін жазып жататын. Ал мен өзімнің қызымды ішкі түйсікпен іздедім, кез келген есікті қаға бердім. Мұндай мәліметтер базасы бала асырап алғысы келетін ата-аналардың уақытын үнемдеп, қажетті баламен алыстан танысуға мүмкіндік беретініне күмәнім жоқ. Егер осындай базаның қызметіне жүгінсем, жеңілдеу болар еді. Ал мен аймақтық балалар үйіне жолдама алып, барлығына өзім барып шықтым.

avatar

Бұл база туралы мәліметті барлық жерде жариялау керек. Бала асырап алғысы келетін ата-аналардың көпшілігі ниетін ашық айта бермейді, алайда, олардың мұндай мәліметтер бар екенін білгені дұрыс. Менен де кеңес сұрайтындар аз емес, енді оларға да осы мәліметтер базасы туралы айтатын боламын. Әдетте әлдебір себептермен бала көтеруге мүмкіндігі жоқ әйелдер көп кеңес сұрайды. Бала іздеу процесін мейлінше қысқартуға тырысу керек. Асырап алушылар психологиялық қысымға ұшырамаса деймін. 

avatar

«Дара» қайырымдылық қорының тәлімгерлер мектебіне бардым. Ол жерде 8-10 жастан асқан балалармен қарым-қатынас жасаудың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі үйретеді. Сабақ кезінде балалар үйінен шыққан баламен тиімді қарым-қатынас құрудың жолдары үйретіледі. 10 жастан кіші балаларға мұндайды үйретпейді. Өйткені, олар әлі кішкентай болғандықтан, тәлімгер, асырап алушы немесе демеушінің ара-жігін ажырата бермейді. Ал 8-10 жастан асқан балаларға қарым-қатынас жасайтын адамдардың рөлі әртүрлі екенін түсіндіруге болады. Оларға ата-ана немесе тәлімгер болуы мүмкін екенін айта аласың. Жеке өзіме тәлімгерлер мектебінің көмегі көп болды. Бұл мектеп маған бала іздеуді бастауыма серпін берді.  

avatar

Сонымен қатар, «Ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды қамқорлыққа алушы отбасы – балаларды әлеуметтендіру институты» тақырыбымен өткен асырап алушы ата-аналар мен тәлімгерлердің форумына қатыстым. Сол жерде Қазақстандағы бала асырап алушы ата-аналардың қауымдастығы туралы білдім, оған «Reach» ҚҚ қолдау көрсетеді екен. Осы қауымдастыққа мүше болдым, қазір Астана қаласындағы еріктілердің бірімін. Қазір мен де бала асырап алушы ата-аналарға қажетті құжаттарды дайындау жөнінде тегін кеңес беріп, көмек көрсетемін. 

avatar

Бала асырап аламын деген кез келген адамның мүмкіндігі бар дер едім. Форумда келтірілген деректерге сүйенсек, бала асырап алудың кезегінде тұрғандардың саны – 4000. Ал балалар үйінде 8000 бала бар. Сұраныс көп, соған қарамастан бала асырап алу әлі де өзекті мәселе болып қалып отыр. Неге десеңіз, асырап алғысы келетіндердің көпшілігі 3 жастан аспаған балаларды іздейді. Жетім балалардың мәліметтер базасы осы процесті жеңілдетеді деп сенемін. Асырап алушы ата-аналар да мейлінше дайын болатын шығар. 

avatar
Бала асырап алсам дейтін әрбір отбасына ізденістен талмауды және ниеттің берік болуын тілеймін. Ал бауырына баласын басып үлгерген бақытты жандарға алғашқы бейімделу кезеңінде шыдамдылық, баланы тәрбиелеуде табандылық тілер едім. 

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://vk.com/wall-120804658_898