01 May 2017
Бала асырап алу

ОҚО (отбасын қолдау орталығы) жұмысының 2016 жылғы қорытындысы

2016 жылы біздің министрлік екі үкіметтік емес ұйыммен бірігіп, еліміздің екі қаласында балалар үйін отбасын қолдау орталығына (ОҚО) айналдыру жөніндегі екі пилоттық жобаны бастаған болатын. 31 наурыз күні Астанада республикалық балалар үйлері директорлар кеңесінің жиналысы болып, онда ОҚО жұмысы талқыға түсті. Кездесу стратегиялық сессия түрінде өтті: орталықтардың жұмыс жоспары ұсынылды, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. 

ОҚО жұмысын жан-жақты таныстырып, олардың мақсаттары мен алғашқы жартыжылдықтағы (құрылғаннан бастап) жұмыс қорытындысын көрсету үшін біз осындай мекемелердің жетекшілері Шолпан Байболова мен Бибігүл Махметовадан, министрдің балалар құқығы жөніндегі кеңесшісі Балия Әкімбековадан, ресейлк эксперт Наталья Соколовадан сұхбат алған едік. 
Шолпан Байболова, «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының белсендісі және үйлестіру кеңесінің төрайымы 
avatar
Алматыдағы балалар үйінің базасында «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» ҚҚ қатысуымен құрылған «Отбасын қолдау орталығы» жобасы туралы айтып беріңізші... 
avatar
«Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысы 2012 жылы құрылды. Біз бала асырап алу кезінде көмектеспейміз, балалар үйлеріне атаулы көмек бермейміз. Өйткені, Қазақстандағы жетім балаларды әлеуметтік қорғаудың қолданыстағы жүйесін өзгерту керек деп есептейміз. Атап айтқанда, балалар үйінен бас тартып, отбасылық құрылымды, яғни асырап алу, қамқорлық жасау және патронатты ұсынамыз. 2016 жылы біздің қозғалыста бетбұрыс болды, ойдағымыз орындалып, Алматыдағы балалар үйлерінің бірінде Отбасын қолдау орталығы ашылды.


Орталықтың ерекшеліктері туралы айтар болсақ, ең бірінші кезекте «Әлеуметтік патронатқа» тоқталған жөн. Яғни, дағдарыс жағдайындағы отбасыларға көмек көрсету қызметі, балалардың балалар үйіне түсуінің алдын алу. Егер бала интернат түріндегі мекемеде тұрып жатқан болса, баламен де, оның отбасымен де психологиялық-педагогикалық және реабилитациялық жұмыс жүргізіледі. Бұл баланы туған отбасына қайтару мақсатымен жүзеге асады. Баланың ата-анасымен бірге тұруы мүмкін болмаған жағдайда, ОҚО мамандары ол бала үшін асырап алушы отбасын тауып беруі тиіс (асырап алушылар, қамқоршылар немесе патронатты тәрбиешілер). Бұл мақсатта «Бала асырап алушы ата-аналар мектебі» жұмыс істейді, мектеп арнайы бағдарламалар бойынша бала асырап алушы ата-аналарды іріктейді және оқытады. 


«Отбасын қолдау қызметі» бірқатар кешенді қызмет түрін көрсетеді, атап айтқанда:

  • Балалардың жаңа отбасына бейімделу процесіне мониторинг жасау;
  • Кезең-кезеңмен жетекшілік ету;
  • Балаға және асырап алушы ата-анасына психологиялық және құқықтық көмек көрсету. 


Мұндайда заң қызметі аса маңызды орынға ие. Біріншіден, заңгерлер бала асырап алуы мүмкін ата-аналарға, балаларға және қиын жағдайға тап болған отбасыларға кеңес беріп, көмек көрсетуі тиіс. Екіншіден, олар баланың мәртебесін дер кезінде анықтай алады, бұл бала асырап алу ісін жылдамдатады. Көп жағдайда бала әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылмағаны үшін ғана көп жылын балалар үйінде өткізуге мәжбүр. Алайда, ондай ата-аналар баласының тәрбиесімен айналысқысы келмейді. 


Отбасын қолдау орталығын құрудың ең негізгі идеясы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы патронаттық тәрбиешінің отбасына орналастыру («бір отбасынан екінші отбасыға»), балалар үйін айналып өту. ОҚО әрі қарай да мұндай отбасыларға кәсіби көмек көрсетеді (психологиялық, педагогикалық, медициналық, заңдық және материалдық). Кәсіби бала асырап алушы және патронат отбасы институтын дамыту арқылы біз біртіндеп балалардың интернат түріндегі мекемелері жүйесінен бас тарта аламыз. 

avatar
Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездесті? Бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған мәселелер бар ма? 
avatar
2017 жыл бізге маңызды міндеттер жүктеп отыр, дәлірек айтсақ, балалар үйі жүйесін әрі қарай да отбасын қолдау қызметіне ауыстырсақ дейміз. Олар баланың отбасында өмір сүруін қолдайды (әлбетте, туған үйіне ештеңе жетпейді). Мұндай ауқымды шаруаны жүзеге асыруға бір ғана қоғамдық ұйымның шамасы жетпейді, сондықтан құзыретті мемлекеттік құрылымдардың қызығушылық танытып, өзара бірлесе әрекет етуі, соның ішінде заң жағынан тетіктердің ойластырылуы аса маңызды. Бұл салада қазірдің өзінде әріптестік бар, ендігі міндет – қызметімізді мейлінше кәсіби және бірізді жүргізу.


Биыл ОҚО көрсететін қызмет түрлерін бір қалыпқа келтіріп, мамандарға, яғни психологтарға, әлеуметтік қызметкерлерге, қамқоршылық органының қызметкерлеріне арнап әдістемелік нұсқаулықтар дайындау, тренингтер жоспары мен оқыту бағдарламаларын жасау. Жыл соңына қарай Орталықтың белгілі бір үлгісін жасап шығуымыз керек, ол үлгі кейін еліміздің басқа аймақтарында енгізу үшін де пайдаланылады. 


Бүгінгі таңдағы ең үлкен түйткілді мәселеге келсек, бала асырап алғысы келетін ата-аналарға жаңа туғаннан бастап, 3 жасқа дейінгі балалар керек. Ал балалар үйінде 7 жастан жоғары балалар тұрып жатыр. Ол балалардың 30%-дан астамының мәртебесі жоқ, сондықтан оларды асырап алу мүмкін емес. Бір отбасынан екі, үш, тіпті одан да көп бала кездесетін жағдайлар да көп. Бала асырап алушылар мұндай балаларды алудан қорқады. 


Жасөспірімдерге ересектер арасынан еріктілер керек. Тәлімгер есебінде болатын ондай тұлғалар жасөспірімдердің қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Ол үшін қонаққа баратын отбасылар және «Тәлімгерлер» жобасы бар. Мұны 2014 жылдан бері үш қалада жүзеге асырып келеміз. 


Бүлдіршіндер балалар үйіне түспеуі үшін алдын алу жұмысымен айналысу аса маңызды. Бірақ, біздің елімізде мұндай қызмет көрсететін кәсіби ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер жоқтың қасы десек те болады.  

avatar
Отбасын қолдау орталығы қандай нәтижелерге қол жеткізді? 
avatar
Біздің Орталық қызмет ете бастағаннан бері Алматы қаласындағы №2 Балалар үйіне он бір бала түссе, соның сегізі орнын тауып кетті. 


Баланы туысқандарының отбасына беру біздің басым міндеттеріміздің қатарында. Сондықтан бірінші кезекте баланың туыстарымен жұмыс істейміз, тек содан кейін ғана асырап алатын отбасына орналастыру жағын ойластыра бастаймыз. Бір баланы туған отбасына қайтаруға қол жеткіздік, қазір үш баланың жағдайымен жұмыс істеп жатырмыз. 


Отбасылық балалар психологының қолдау мақсатымен баланың жеке өзімен немесе ата-анасымен бірге терапия жүргізуі баланың жаңа отбасына бейімделу кезеңінде аса маңызды. Осындай психологиялық бейімдеу дайындығынан кейін екі бала жаңа отбасында тұра бастаса, тағы да үш бала отбасын табуға жақын (қонақ түрінде). 


Сонымен қатар, әлеуметтік жетімдіктің алын алу ісімен айналысу аса маңызды деп есептейміз. Біздің елімізде балалардың 80%-дан астамы әке-шешесінің көзі тірі бола тұра жетімдік тартып жүр. Олардың әке-шешесі түрлі себептермен қамқорлық жасай алмайды немесе жасағысы келмейді. Қазіргі таңда қалыптасқан алдын алу жүйесі жоқ. Ал халықаралық тәжірибе отбасына дағдарыстың бастапқы кезеңінде әлеуметтік, материалдық және психологиялық қолдау білдірсе, ол отбасын сақтап қалуға болатынын және ең бастысы баланың балалар үйіне түсуінің алдын алуға болатынын көрсетіп отыр. 


Тағы бір маңызды мәселе, біз баланы қайтарып беру және екінші мәрте жетімдікке душар болу ісінің алдын алу мақсатымен де отбасыларға қолдау көрсетеміз. Өкінішке қарай, статистика Қазақстанда бұл жағдайдың жылдық көрсеткіші 16-дан 20%-ға дейін екенін көрсетіп отыр, бұл шамамен үш балалар үйінің контингенті деген сөз. Он бес отбасымен жұмыс істеп, олардың алтауының баланы қайтаруының алдын алдық, бес отбасына қолдау білдірдік, қазір олардың жағдайы жақсы, қалған төртеуімен әлі де жұмыс істеп жатырмыз. 


Әлеуметтендіру мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Алматыдағы №2 Балалар үйінің түлектеріне «Мен және Әлем» деп аталатын жеке тұлғаны дамыту бағдарламасы ұсынылды. Отыз сабақтан кейін балалар болашаққа сеніммен қарай бастады деген қорытынды жасауға болады: сабаққа қатысушылардың эмоциялық көңіл-күйі 68%-ға жақсарды, өзіне деген сенімі 63%-ға, адамдармен тез араласуы 58%-ға артты, 42%-ы бастамашыл бола түссе, 79%-ының сабақ үлгерімі артқан. 


Тәлімгерлерімен жақын қарым-қатынас жасағанның арқасында балалар ересек өмірге дайын бола түседі, қарым-қатынас, мақсат қою, бейімделу және мамандық таңдауда оң өзгеріс байқалады. Қазіргі кезде Алматыда отыз алты тәлімгер отыз тоғыз баламен жұмыс істеп жатыр (Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында сексен тәлімгер сексен бес баламен жұмыс істеуде). 


Алматыдағы екі балалар үйінің тәрбиеленушілерін скринингтен өткізген уақытта психологиялық кеңеске мұқтаж балалар бар екені анықталды. Оларға психоэмоционалды жағдайын тұрақтандыруға бағытталған көмек көрсетіледі.

Асырап алушы ата-аналар мектебіне тек үміткерлер ғана емес, бала асырап алған отбасылар мен қиын жағдайға тап болған туыстары да келеді. Бізде оқу олардың болашақта баламен қарым-қатынас жасауы кезінде жұмысын жеңілдетіп, жағдайды ушықтырудың алдын алуға мүмкіндік береді. Мектепке келгеннен кейін жекелей және топпен кеңес алуға жиырма жеті адам жазылған.


Бізге бала асырап алған отбасылар нақты сұрақтармен хабарласады. Мысалы, маманның ұзақ жұмыс істеуін талап етпейді, бір ғана сұрақтың жауабын білу керек болады. Сондықтан ай сайын бала асырап алушы ата-аналар Клубын ұйымдастырамыз. Ол жерде біздің психологтарымыз ата-аналық құзыретін арттыруға бағытталған тақырыптық лекциялар оқиды немесе ата-аналарды мазалаған сауалдарға жауап береді. Бүгінге дейін келесі тақырыптар төңірегінде сөз болған: 


  • «Балаға қатігездік көрсетудің әлеуметтік-психологиялық салдары»;
  • «Зақым алған баланың психологиялық және дене жарақатынан айығуына қалай көмектесуге болады?»;
  • «Қарым-қатынас кезіндегі кикілжіңдер және оны жеңу жолдары»;
  • «Үлкендер мен балалардың жеке әлемі және ол қандай болуы керек?»;
  • «Балалармен өткен өмірі туралы қалай сөйлесу керек?»;
  • «Эмоцияның асып-төгілуі. Іс жүзінде алдын алу жолдары»;
  • «Асырап алушы ата-аналардың бейімделуі деген не және қалай бейімделу керек?»;
  • «Бақытты отбасының ережесі: қалыптастырамыз, әрекет етеміз және ләззат аламыз».


Арт-терапияның көмегімен ата-аналар мен балалардың арасында өзара жағымды және үйлесімді қатынас қалыптастыру үшін арнайы топтар құрылды.

Биыл Алматыдағы екі бірдей балалар үйі жетекшілерінің өтінішімен тәрбиешілердің психология саласындағы білімін тереңдетуге арналған бір жылдық бағдарламаны енгізбекпіз. Бұл балалармен дұрыс жұмыс жүргізу үшін, педагогтардың өз эмоциясын тежей алуы үшін және мамандардың жиі-жиі ауысуының алдын алу үшін қажет. 

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1879430475602977