04 June 2019
Демалыс

Достық пен шаттық ұштасып

Балаларды қорғау күнінде балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің дәстүрлі шеруі өтті. Мұнда республика бойынша бір мезетте жүз мың ұл-қыз сап түзеп жүрді. Сәнді киім киіп, домбыра мен үрмелі, соқпалы аспаптарын асынып, қолдарына қолшатыр, шар, жалаушаларын ұстаған олар өздерінің оқу орны атынан мереке шеруіне қатысты.

Сол бірнеше минут ішінде біз олардың біразымен танысып үлгердік. Алматыдағы №157 мектеп оқушылары Жұлдыз, Дильназ, Сәбина, Жандос өздері ойнайтын аспабы мен шеруге дайындығы жөнінде әңгімелеп берді. Біреуі домбыра тартқанды ұнатса, екіншісі гитараға жақын. Балалар дайындықтың көңілді өткенін айтуда. Келесі жылы да мүмкіндік болса шеруге қатысатындарын жасырмады. 

№157 мектептің сегізінші сынып оқушысы Эльмира Көкебаева да шеруге қатысуға асыққан. «Себебі бұл шеруде достық пен шаттық ұласып, көңілің көтерідіп, бойың сергиді. Айналаңдағылардың барлығы билеп, ән салып, әзілдесіп жүріп отырады. Бұл – өте қызық», — дейді бойжеткен. Эльмира шеруге қатысшылар тек дайындыққа қатысып қана қоймай, киімдерін өздері таңдағанын да айтады. 

Элмира билегенді жақсы көреді екен. Бұрындары тіпті би үйірмесіне де қатысқан. Қазір сабағына көп көңіл бөледі. Ағылшын тілін жетілдіріп, IT саласы бойынша мамандық таңдамақ. «Қазір сабаққа бар зейінімді салмасам он бірінші сыныпта қиналып қалуым мүмкін», — дейді ол. Біз Эльмираға сәт-сапар тілеп, оқытушыларымен танысуға асықтық. 

Айгүл Байтекеева Алматыдағы №1 мемлекеттік қазақ гуманитар-педагогика коледжінде тәрбие жұмыстары бойынша меңгеруші екен. «Балаларды қорғау күнін осылай ерекше қарсы алып жүргенімізге үшінші жыл болды. Біздің колледжден 100 студент қатысты. Балалар хореограф пен режиссерден сабақ алды. Менің ойымша, мұндай шараларға қатысу студенттерді жауапкершілікке бейімдеп, команда болып әрекет етуге үйретеді. Балалар мерекеге үлес қосып жатқанын сезінеді. Олардың сән-салтанатты киімдері көз тартып, талғамдарының жоғары екенін паш етіп тұр», — дейді ол. 

Айгүл Байтекеева колледждегі студенттердің бос уақытында айналысуына қолайлы тегін үйірмелер бар екенін айтты. Домбыра үйірмесінің меңгерушісі Гүлнар Рыспаева студенттерінің музыкаға деген қызығушылықтары жайлы ой бөлісті. Үйірмеге келушілер Құрманғазы, Динаның күйлерін үйреніп, қазір ұжым байқауларда өнер көрсетіп жүр. 

Ата-аналардың арасында тек балалары үшін жанкүйер болып келгендер ғана емес, шеруді отбасымен тамашаласақ деп ат басын бұрған жандар да болды. Ол - таң қаларлық шаруа емес. Мерекеге әртістер мен аниматорлар қатысып, мультфильм қаһармандарының киімінде өнер көрсетіп, диджей қойған музыканы іліп әкетіп, ән мен бидің көрігін қыздырып жатты. 

Шеру басталғаны жөнінде жүргізуші хабарлаған сәттен бастап барлығы әдемі сап түзеп тұр қалды. Оқушылармен бірге билей басып келе жатқан ұстаздарға қарап біз бұл мерекенің тек балалар ғана емес, ересектер үшін де маңызды екенін түсіндік. 

Нұр-Сұлтандағы шеруге Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова да қатысты. Министр мерекенің баршаға ортақ екенін айтты. Балалардың жүзіндегі шаттықты көріп, қуанбау, езу тартпау мүмкін емес. 

Министр әр қазақстандықты балалардың ашық аспаны мен шат көңілі, алаңсыз болашағы үшін үлес қосуға шақырды

Ал Алматыда балалармен бірге шеруге қала әкімі Бауыржан Байбек, ҚР БжҒМ Ақпараттық-талдау орталығының басқарушы директоры Майраш Тайкенова, қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова секілді көптеген ЖАО өкілдері қатысты. 

Мерекеге арналған шеру дәл осы күні басқа облыс орталықтары мен қалаларда да өтіп жатты. ЖАО мәліметтері бойынша шеруге 98 309 мектеп оқушысы мен студент және 2,5 мыңға тарта білім беру мекемелерінің ұстаздары мен ата-аналар қатысқан. 

Шеруге қатысушылар саны:

  • Қызылордада — 8,5 мың;
  • Ақтөбеде — 7 929;
  • Нұр-Сұлтанда — 7 830;
  • Қарағандыда — 7,5 мың;
  • Ақтауда – 7 мың
  • Павлодарда — 7 мың адамға жеткен. 

Жаздың алғашқы күні мен каникулдың басын біз осылай қарсы алдық. Ұзақ демалыс кезінде балаларға тынығып, сауығуға жағдай жасау — мемлекеттің міндеті, ата-ананың борышы. Қазір республикада 236 қала сыртындағы лагерь, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы және 1700-ден астам шатырлы лагерь жұрыс істеп тұр. Спорт-туристтік шараларға 700 мыңнан астам баланы тарту жоспарланған. Балалардың жазғы демалысы жайлы келесі постта айтамыз. Қадағалап жүріңіздер. 
Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/2292364744309546