26 November 2018
Колледж
Тегін оқу

9-сыныптан бастап колледжде тегін оқу

Құрметті ата-аналар мен оқытушылар! Осы мәтінді 7-8 сынып оқушыларына көрсетулеріңізді сұраймыз. Алматы технологиялар және флористика колледжін мысалға ала отырып, кәсіби-техникалық білімнің жастарға қаншалықты пайдалы екенін айтқымыз келеді.

Естеріңізде болса, 2017 жылы «Баршаға арналған кәсіби техникалық білім беру» атты жоба іске асырыла бастаған еді. Кәсіби білім алам деушілердің барлығын тегін оқытып, жұмысшы кадрлар санын 40 пайызға арттыруды министрлік тәуелсіздік алған жылдардан бері тұңғыш рет мақсат етіп отыр. Жұмыссыз, өзін-өзі асыраушы жастар мен кәсіби білімі жоқ, бірақ еңбекке жарамды азаматтарға басымдық беріледі.

Біз колледждерге жиі бас ұғып, оқырмандарымызға әрқайсының өзіндік ерекшеліктері жайлы әңгімелеп тұрамыз (http://bit.ly/2qWvuLv, http://bit.ly/2DMINql). Бұл жолы Алматы технологиялар және флористика (АТжФК) колледжіне бардық. Есіктен кіре берісте бізді қауіпсіздік қызметі өкілі қарсы алып, келген шаруамыздың жайын сұрап, баратын жерімізді нұсқап жіберді. Колледжде 773 оқушы білім алады. «Біз мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытамыз. Біздің колледжге келушілер саны жыл өткен сайын артып келеді. Олардың барлығын қабылдауға мүмкіндік жоқ», – деді оқу орнының директоры Анарбек Нұрымбетов.

АТжФК МАМАНДЫҚТАРЫ

Колледж нарықта сұранысқа ие төрт сала бойынша оқытады. Олар: автокөлік жөндеу ісі бойынша слесарь, модельер-конструктор, электронды-есептеуіш машиналар операторы, ағаш ұстасы, гүл өсіруші. 3 жыл ішінде жастар колледж қабырғасында білім алып, өндірістегі тәжірибенің арқасында белгілі бір санатта біліктілікке қол жеткізіп шығады.

Сонымен қатар біз мұнда инклюзивті білім беруге де жағдай жасалғанын ұқтық. Яғни арнайы коррекциялық топтар бар. Ерекше талаппен оқитын балалар 1 жыл 10 ай ішінде құжат алып шығады.

ОҚУ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ЖАБДЫҚТАЛУЫ

Колледжде сабақ қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Студенттер 7 компьютер кабинеті, лингафон кабинеті, психолог жұмыс істейтін релаксация кабинетінде білім жетілдіре алады. Кәсіби техникалық білім берудің негізгі мақсаты – нақты бір кәсіп игеруге көмектесу болғандықтан, оқу шеберханасының жабдықталуына баса мән беріледі. Тігін шеберханасындағы аумағы үлкен пішу үстелінің айналасында студенттер мата қиып, оны өндірістік тігін мәшинесінде әдіптеп жатты.


Ал оранжерея ішінде ылғалды ауа, тіпті ыстықтатып жібереді. Студенттер күтіп-баптаған өсімдіктер жазғы гүлзарды елестетеді. Аяқ киім шеберханасында балалар аяқ киім тігу ісін меңгеріп жатты. Олардың бірі әкесінің етігін жөндеп бергенін айтып мақтанып үлгерді.

ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ

Колледжде дуальді оқу әдісі де бар. Яғни балалардың жұмысқа орналасуына да көңіл бөлінеді. Алматы технологиялар және флористика колледжі түлектерді жұмысқа шақыратын кәсіпорындармен шарт жасасқан. «Біз барлық оқушыны жұмысқа тұрғызуға тырысамыз. Толық оқу курсын бітіргендермен қатар, инклюзив сыныптарда оқып, еңбекке жарамдылық құжатына қол жеткізгендер де назардан тыс қалмайды», –деді колледж директоры.

ШӘКІРТАҚЫ ЖӘНЕ ТАМАҚТАНДЫРУ

Кабинеттерді аралап жүріп 5 қабатты ғимараттың алаңқай дәлізіне келгенде асханадағы дәмді тамақтардың иісі мұрнымызды қытықтай бастады. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлайым Стамбекованың айтуынша тегін оқитын студенттерге бір мезгіл ыстық тамақ қарастырылған. Ал ата-анасынан айрылған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Тегін оқитын студенттер үштік бағалары болмаса стипендия алады.

Құрметті оқырмандар, бұл біздің колледжге жасаған соңғы сапарымыз емес. Келесі материалымызда ерекше күтімді қажет ететін балалардың колледжде қалай кәсіп игеріп шығатыны туралы айтамыз.

Ал әзірге, «Баршаға арналған кәсіби техникалық білім беру» жобасына 361 колледж қатысады. 4 жыл ішінде 673 мың жасты кәсіби біліммен қамту көзделген. 2017 жылы осы бағдарлама бойынша 94810 студент білім алса, 2018 жылы 98505 бала оқуға түсті. Бағдарлама бойынша 192 мамандық қамтылады. Ол мамандықтар тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: http://opencollege.kz/kz/.

Біздің мәлімет бойынша, қазір нарықта техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық және сервис мамандықтары сұранысқа ие. Толық ақпарат пен оқуға түсу ережесін біздің парақшадан таба аласыздар. 

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/2179589748920380

Digital-агентство Белочка