29 May 2017
Колледж
Тегін оқу

Колледжде қалай тегін жұмысшы мамандық алуға болады?

24 мамырда Алматы Туризм индустриясы және қонақжайлылық колледжі баспасөз өкілдерін – қазақстандық журналистер мен блогерлерді қабылдады. “Ақпарат құралдарына арналған ашық есік күні” іспетті пресс-тур жаймашуақ жағдайда өтті, оқытушылар мен студенттер өздерінің шеберлігі мен қабілет-қарымын көрсетті. Ал қонақтар Қазақстандағы кәсіби-техникалық білімнің деңгейі кез келген адамның қажетті жұмысшы мамандығын тегін алып шығуына мүмкіндік беретініне және олардың айлығы жоғары жұмысқа орналаса алатынына куә болды. 

Оқырмандарымызға бұған дейінгі материалдарымыздан таныс Туризм индустриясы және қонақжайлылық колледжі аспаздар мен даяшыларды, туристік агенттер мен экскурсоводтарды, қонақүй қызметкерлері мен швейцарларды, қысқасы, оқуды бітіргеннен кейін мемлекеттік секторда да, жеке меншікте де еш қиындықсыз жалақысы жоғары жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін ондаған маман иелерін даярлайды. Бұл мамандықтардың бүгінгі күні қажет екенінің қарапайым мысалы ретінде колледж студенттерінің оқуды бітірмей тұрғанда-ақ жұмыс берушілер тарапынан шақыру алатынынан байқауға болады. Көптеген оқушылар оқи жүріп, өз мамандықтары бойынша қосымша жұмыс істейді. Бұл олардың оқып жатқан мамандығын терең игеруіне, болашақта қызметке тұруы үшін байланыс орнатуына, сондай-ақ, материалдық жағдайын жасауға, ата-анасынан тиын-тебен алмауына да мүмкіндік береді.

Ал бұдан былай тек Туризм индустриясы және қонақжайлылық колледжінің ғана емес, кәсіптік-техникалық білім беретін басқа оқу орындарының студенттері де қаржылық мәселелерге бас қатырмай, бар назарын білімге аударуына жағдай туып отыр. Пресс-турға қатысушыларға министрліктің өкілі Насымжан Оспанованың айтуынша, биылдан бастап қолға алынған “Баршаға арналған тегін техникалық білім” атты ауқымды жоба, біріншіден, студенттерге тегін білім алуға мүмкіндік берсе, екіншіден, олардың мемлекет тарапынан материалдық көмек алуына жағдай туғызбақ. Жобаға қатысушы колледж студенттері 16 700 теңге көлемінде стипендия алу және күніне бір рет тегін тамақтану құқығын пайдалана алады. 

Стипендия – жақсы бонус. Дегенмен, жобадағы маңызды жайт – қажетті мамандықты тегін алу мүмкіндігі. БАҚ өкілдерінің барлық сұрағына мұқият жауап берген Насымжан Оспанованың айтуына қарағанда, келесі 5 жыл ішінде колледждерде тегін мамандық алып шығуға 673 мың қазақстандықтың мүмкіндігі бар, ол тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана емес, сонымен бірге, жұмыссыздар және 29 жасқа толмаған қыздар мен жігіттер. Мемлекет халықты жұмыспен қамтудың тиімді тәсілін тапқаны анық. Бұл бастамадан ешкім ұтылмайды: Қазақстан экономикасы нарыққа қажетті білікті мамандардың тапшылығын жойса, ел азаматтары тұрақты жалақымен қамтамасыз ететін тегін мамандық ала алады. 

Баспасөз өкілдеріне жағымды әсер сыйлаған Туризм индустриясы және қонақжайлылық колледжіне қайта оралсақ. Аспаздық мамандықтың оқушылары мен оқытушылары өз шеберліктерін паш етіп, торттар мен тәтті бәліштерді сәндеуді, екінші тағамдар және пицца даярлау шеберліктерін көрсетті. Туризм сыныбы қонақтардың виртуалды экскурсия жасауына мүмкіндік берді. Қонақүй шаруашылығы бойынша оқитын студенттер оқу отеліне шақырып, “швейцар” және “қонақүй қызметшісі” сияқты мамандықтардағы жаңа тенденцияларды көрсетті. Ал оқу мейрамханасында журналистер мен блогерлер колледжде білім алатын даяшылар мен бармендердің жоғары деңгейін бағалады. Бұл студенттердің далада қалмайтыны, өз орнын табатыны тайға таңба басқандай көрініп тұрды. 

Айта кетерлігі, балалардың ешқайсысы өз мамандығын төмен сезінбейді, керісінше, табыстарына қуанады, өз мамандықтары туралы қуана әңгімелеп береді. Оның үстіне, қазіргі оқып жатқан мамандықтарының болашағы зор екенін біледі. Кейбірі жеке мейрамхана ашқысы келсе, енді бірі өз қонақүйін ашуды армандайды. Өз ісінің шебері екенін дәлелдеген оқытушыларынан шабыт алғандар шәкірт тәрбиелегісі келеді, өйткені мұндай мамандықтарға деген қажеттілік өскен үстіне өсе түсетінін біледі. Колледжде бүгінгі таңда 900 бала оқиды (оның 600-і мемлекеттік грант бойынша білім алады), ал алдағы оқу жылынан тағы да 200 грант бөлініп отыр, осының өзі нарықта қажеттілік бар екенінің мысалы. Бұл “Баршаға арналған тегін техникалық білім” жобасының арқасында еліміз қажеттілігі жойылмайтын мамандармен қамтылатынын көрсетеді.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1920195121526512

Digital-агентство Белочка