30 June 2019
Колледж
Тегін оқу

Колледждегі тегін оқу

Бұл материал колледжге түсуді жоспарлағандарға пайдалы. 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған кәсіби-техникалық білім» жобасы бойынша колледждерде оқыту қолға алынған. Бұл жайында біз бұған дейін жазғанбыз.

Қазір бұл бағдарлама бойынша 275 476 адам білім алып жатыр. Жобаның жай-жапсарымен ҚР БжҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру қызметін үйлестіру бөлімінің бас сарапшысы Биекова Бақытжан Уметбекқызы таныстырды. 

Жоба жайында:

Техникалық білім беруді дамыту жоспары тек біздің елде ғана емес әлем бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Колледждер тәжірибені ұштастыра отырып білім беріп, еңбекке ерте араласуды көздейді. Оқу бітірген соң түлектер нақты қолында дипломы бар мамандық иесі атанады. 

2017 жылы басталған тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы 2021 жылға дейін жоспарланған. Қаржы мемлекет тапсырысы бойынша бөлінеді және екі бағытты қамтиды:

  • Жергілікті бюджет есебінен жұмысшы кәсібіне баулып, орта буын мамандарды дайындау.
  • «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жұмысшы мамандығына оқыту. 

Бүгінгі күні осы бағдарлама бойынша 560 колледжде 275 476 адам оқиды, соның ішінде 122 609 адам жұмысшы мамандығы бойынша тегін білім алып жатыр (44,5%). «Биыл 98 мың адам құжат тапсырады деп болжап отырмыз», – дейді Бақытжан Уметбекқызы. 

Бағдарлама бойынша кім оқи алады?

Бағдарлама ең алдымен жұмыссыз және өзін-өзі асырап жүрген жастарға, білімі жоқ, еңбекке жарамды жандарға арналған. «Көбірек қамту үшін барлық өңірде 1645 мобильді топ құрылған. Олар әр үйге барып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған немесе жұмыссыз, өзін-өзі асырап жүрген жастар, білімі жоқ еңбекке жарамды жандар, 9-11 сынып түлектерінің тізімін жасайды. Колледждер өз беттерінше кәсіпке баулу шараларын өткізеді. Атап айтқанда көрме, ашық есік күндерін ұйымдастырып, БАҚ бетіне ақпараттық материалдар жариялайды», – дейді сарапшы. 

Бағдарлама бойынша инклюзив білім беру де қарастырылғанын айта кету керек. Бұл бағыт қалай жүзеге асып жатқаны жайлы біздің Алматы мен Петропавл колледждеріндегі инклюзив білім беру жайлы материалдарымыздан біле аласыздар. 

Жоспар бойынша 4 жыл ішінде 673 мың адам тегін білім алып, кәсіп үйреніп шығады. Дегенмен, тегін оқуға орын шектеулі болуы мүмкін. Ол – жергілікті бюджеттің бөлген қаржысына байланысты. Грант санын мемтапсырыс бойынша кестеден көруге болады. 

Модульді бағдарлама жайында:

Колледжге түсу барысында модульді оқыту деген не екенін білген де пайдалы. Бұл әдістің тиімділігін әлемдік тәжірибе дәлелдеген. Оқушыларға бірінші деңгейде үш кәсіп түріне дейін игеруге жағдай жасалады. Екіншісі деңгейде орта буын мамандығын игереді. Мысалы электрик-механик болғысы келген адамға электрослесарь мен электромонтерлікті де игеріп шығуға мүмкіндік беріледі. 

Бағдарлама қандай қалаларда жұмыс істейді?

Жобаға барлық қалалар, облыс орталықтары мен елді мекендер қатысады. 

Оқу мерзімі:

Игеретін мамандығына қарай 1 жылдан 3 жылға дейін созылады. Екі жыл он ай мерзім ішінде үш мамандықты түгел қамтып шығуға болатын бағдарлама, бір жыл алты айға созылатын қысқа мерзімді кәсіби оқу да бар. 

Құжаттар тізімі:

📌 Жеке бас куәлігі көшірмесі;

📌 Еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);

📌 Білімі жайлы құжат (аттестат, куәлік, диплом);

📌 Денсаулығы жайлы анықтама;

📌 Әлеуметтік көмек алатын болса - сол топқа жататыны туралы анықтама. 

Шәкіртақы мен тамақтандыру.

Бағдарлама қатысушыларына айына 16 759 теңге шәкіртақы төленіп, күніне бір уақыт ыстық тамақ тегін беріледі (күніне 365 теңге) және жолақысына жеңілдік (жылына 4 АЕК) бар. 

Еңбек тәжірибесі мен жұмысқа орналасу.

Колледжде оқу мен тәжірибені ұштастыра отырып білім беру басты назарға алынады. Дуальді оқу бойынша студенттер өндірісте тәжірибеден өтеді. Бақытжан Уметбекқызының айтуынша, өндірістегі тәлімгердің еңбегі бюджет есебінен төленеді. «Бұл – өндіріс орындарын ынталандырып, еңбек тәжірибесінің сапасын арттырып, дуальді білім алуға студенттерді тартады», – дейді сарапшы. 

Дуальді білім берудің сапасы колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы кезінде маңызды. Жұмыс іздеу барысында жұмыспен қамту орталықтары мен колледждерге, өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады. 
Елбасының тапсырмасы бойынша «Жас маман» жобасы жасалып жатыр. Ол бойынша сұранысқа ие индустриалды және қызмет көрсету саласындағы мамандар дайындайтын 180 колледж жаңартылады. Қаржы респулика бюджетінен бөлінеді. 

Әзірге осы. «Баршаға арналған кәсіби-техникалық білім» жобасы бойынша барлық ақпараттарды http://opencollege.kz/ сайтынан таба аласыздар. Сол жерде мамандық, колледж, жобаға қатысу талаптары жайлы біле аласыздар. 

Келесі материалда Атыраудағы APEC PetroTechnic колледжіндегі дуальді оқытудың түлектер алдынан ашатын мүмкіндіктері жайлы әңгімелейміз.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422/2314976365381717

Digital-агентство Белочка