02 June 2017
WorldSkills чемпионаты

Жас шаштараздар халықаралық деңгейге шығады

WorldSkills Kazakhstan конкурсына қатысушы шаштараздардың өнерін тамашалау үшін тәжірибелі әріптестері мен сұлулық салондарының иелері де келуде.

Жақсы шаштараз ешқашан жұмыссыз қалмайды. Шеберлердің жұмыс кестесі алдағы күндерге дейін белгіленіп қойған. Ал мереке күндері мүлдем уақыттары болмайды. Шаш қырқу, бояу, бұйралау немесе, керісінше, бұйра шашты түзулеу, салтанатты жиынға немесе жауапты бір шараға орай шаш сәндету – заманауи қыз-келіншектер үшін мұның бәрі қалыпты жағдай. Әлбетте, ер адамдар да ауық-ауық кәсіби маманның қызметіне жүгінеді. Қазір шашты тықырлап алып тастайтындар кемде-кем, ал сақал-мұртты әдемілеп бастыру, керісінше, сәнде. 

Бұл кәсіпке қатысты соңғы сән үлгілері мен басқа да ерекшеліктер туралы кәсіби мамандардан естіген абзал. 3-5 мамыр аралығында Астанада өткен WorldSkills Kazakhstan чемпионатына Қазақстанның түкпір-түкпірінен колледж студенттері ағылды. Өз оқу орындарының намысын ұлттық конкурста қорғаған 200-ден аса қыз-жігіттің ішінен үздік шыққандары Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін халықаралық чемпионатқа барады. Біз WorldSkills Kazakhstan конкурсына қатысушылармен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін “Шаштараз өнері және декоративті косметика” секциясына назар аудардық. Бұл сала мамандарының көмегі әрдайым қажет. 
WorldSkills Kazakhstan қатысушыларының бірі Полина Синебрюкова Павлодар қызмет көрсету колледжінде оқиды. Полина тек жұмысымен ғана емес, өзінің ерекше шаш үлгісімен де бірден көз тартады. “Жасанды шашты бұлай өруді Инстаграмдағы Елена Темникованың парақшасынан үйреніп алдым”, – дейді Полина. Бойжеткеннің өз саласы бойынша соңғы жаңалықтарды қалт жібермейтіні, мамандығын шексіз жақсы көретіні байқалады. Полинаның анасы да, әжесі де шаштараз екенін ескерсек, мұның таңғалатын түгі де жоқ. “Шаштараз болатынымды бала кезімде-ақ білдім. Қуыршақтарымның, құрбыларымның шашын өрген ұнайтын, кейін шаш қырқуды үйрендім. Ата-анам ықпал еткен жоқ, өзім таңдадым”, – дейді бойжеткен. 
Полина колледж бітіргеннен кейін Мәскеудегі “Долорес” шаштараз өнері академиясында қабілетін шыңдауды көздейді. Ал қазірше колледжде оқи жүріп, Павлодардағы сән салондарының бірінде қосымша жұмыс істейді, ол жерде Полина ер адамдарға шаш үлгісін жасаумен айналысады. Бұл тәжірибесі WorldSkills Kazakhstan чемпионатында көмектескені анық, өйткені мұнда 3 тапсырманың 2-уі барбер кәсібімен байланысты болды. Дегенмен, үй тапсырмасы ретінде берілген әйел адамның үйлену тойдағы шаш үлгісін де Полина өте тамаша орындады. 
Жинаған балы бойынша Полина Астанадан келген Назира Абдухадилованы ғана алдыға салып, екінші орын алды. Дегенмен, бойжеткен ең бастысы кәсіби қабілет-дағдыны дамыту деп есептейді, осы жағынан шараның пайдалы болғанын айтады. “WorldSkills Kazakhstan, басқа да кез келген конкурс секілді, адамды ынталандырады, дамуға итермелейді. Басқа қатысушылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, өзіңе ұнаған нәрсені есте сақтап қалуға тырысасың. Басқалардың қателіктерін байқайсың, оны қайталамауға талпынасың”, – дейді өткен жарыс туралы әсерімен бөліскен Полина. 
Елдің 14 аймағынан келген қатысушылар өз шеберліктерін адамның басына емес, арнайы модульдерге жасап көрсеткенін атап айтқан жөн. Көптеген қатысушылардың ең негізгі қиындық та осында болғанын айтады, өйткені, “жасанды бастың” қалыбы, шаштың құрылымы табиғи шашқа ұқсамайды екен. Модульдерді, шаш жуатын құрал мен айна және басқа да қажет құралдарды ұйымдастырушылар ұсынды. Алайда, нағыз кәсіби маман өз құралдарымен жұмыс істегенді құп көреді: қайшы, шаш қыратын машина, бұйралағыш және басқа да құралдарды балалар өздерімен бірге алып келді. Сонымен қатар, басқа секторлардағы секілді мұнда да ассистент ретінде еріктілер көмек көрсетті. 
Шаштараз өнерінің жас шеберлері сарапшылардың тұрақты қадағалауымен шеберліктерін паш етуде, сарапшылар әр жұмысты ондаған критерий бойынша бағалайды. Қатысушыларға деген көрерменнің көңілі өзінше бөлек, олардың арасында тәжірибелі мамандар да, сұлулық салондарының иелері де бар. “Конкурстан көптеген қызық жұмыстарды көрдім. Маған ғана емес, тәжірибелі әріптестеріме де жаңа дүниелерді көру, жас мамандардың жұмысымен танысу пайдалы. Балалар осал емес, тек қатты толқып жүргендері байқалады. Кейбір балалар валерьянка ішіп алса да артық болмас еді”, – дейді Астанадағы “Ақбота” салонынан келген Иван Мыжановский әзілдеп. 

WorldSkills Kazakhstan конкурсы туралы Иванның пікірін сұрағанымызда, ол мұндай шараның қатысушылардың баршасы үшін пайдалы екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, көп жыл жұмыс істеп жатқан кәсіби шеберлердің өзі де оқып-үйренуден, жаңа идеяларды меңгеруден жалықпайды. “Мамандықтың қыр-сырын меңгеру үшін дәрігерлерден кем оқымау керек, яғни 8 жыл… Сонымен қатар, біздің саламызда жас мамандарды алып, “қан жаңарту”, жаңа идея ұсыну өте өзекті”, – дейді Иван. Оның пікіріне әріптестері де қосылады. Сөз соңындағы тілек те тамаша: “WorldSkills Kazakhstan-2017 конкурсында озып шыққан үздік шаштараз Біріккен Араб Әмірліктерінде ел намысын қорғайды. Бұл жеңімпаз үшін үлкен құрмет қана емес, сонымен бірге шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасатын таптырмас мүмкіндік. Кім жеңсе де, табыс тілейміз!” 

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1893485307530827