15 May 2017
WorldSkills чемпионаты

Қабырғасы түзу үйдің іргесі де берік

Көп адамдар құрылыс дегенді іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызу деп түсінеді, оған шығармашылық деп қарамайды. Ал шын мәнінде бұл процестердің барлығы дерлік шығармашылықпен тығыз байланысты екенін ескере бермейміз. Бүгін біз Алматы құрылыс-техника колледжі туралы айтпақпыз. Мұнда жеті біліктілік бағыты бойынша мамандар даярлайды. Бұл оқу орны кәсіби білімді шығармашылық қабілетті дамытумен шебер үйлестірудің жарқын мысалы. 

Тұрғымбаев Тимур Шідерханұлы – «Knauf – АСТК» Ресурс орталығының меңгерушісі және өндірістік оқыту шебері. Ерекше жан, тәжірибелі педагог криминологтың оқуын бітірген және бір кездері бәйгеге шабатын аттарды баптаған. Ал соңғы төрт жылда Тимур Шідерханұлы әр топқа өндірістік оқытуды жүзеге асырады: алғашқы семестрде аптасына бір рет, екінші семестрде аптасына екі рет оқытады. Бұған дейін 9,5 жыл құрылыс фирмасында тәжірибе жинақтаған: бастапқыда жабдықтау бөлімінің бастығы болса, кейін құрылыс бригадасын басқарған. 

Күнделікті сабақтан тыс (құрылыстағы құрғақ әдістер, қаптау, гипсокартоннан қалқа жасау, үйдің төбесін жасау және т.б. үйрету), педагог студенттерді кәсіби шеберлікті шыңдауға арналған WorldSkills сайыстарына дайындайды. Оқу процесінің шығармашылық тұсы туралы айтқанда міндетті түрде гипсокартоннан жасалған «керікті» айта кеткен жөн. Бой өлшейтін бұл құралды Тимур Шідерханұлы студенттерімен бірге «Қаңқа және көмкеру конструкцияларының монтажы» бойынша өткен жарысқа дайындаған. «Алдымен шаблон-трафарет жасап алдық, сосын қолда бар құралдарымызбен (гипсокартонды кесуге арналған портативті үстел) сол бойынша гипсокартоннан элементтерді кестік, барлығын жинақтап, соңында сырладық. Бұған жарық та түсіргіміз келген», – деп күледі педагог. 
Басқа қасиеттерін айтпағанда, Тимур Шідерханұлының қызықты хоббиі бар. «Ұзынағаш ауылында туып өстім. 11-сыныпты бітіріп, университетке түскенге дейін бәйгеге ат баптайтынмын. Қазір де демалыста туған ауылыма барғанда атқа мініп серуендегенді ұнатамын, жылқы малының сырын жақсы білемін. Көкпар тартып, атпен тауға да шыға аламын. Студенттердің каникулы бастала салысымен ауылға тартып отырамын. Ол жақта Буян деген өзімнің сүйікті атым бар. Ат баптауды маған ешкім үйреткен жоқ. Үйде жылқы ұстайтынбыз, сондықтан атқа мінуді бала күннен үйрендік. Балалармен сөйлесе келе, атты қалай баптайтынын білдім. Кейін тәжірибелі ат баптаушылардың ақыл-кеңесін тыңдадым. Соңғы рет 2001 жылдары бәйгеге ат қостым, ол кезде жоғары сыныпта оқитын едім», – деп еске алады Тимур Шідерханұлы. 
Алматы құрылыс-техника колледжінің бір ерекшелігі – Knauf Ресурс орталығы («KNAUF Гипс Қапшағай» ЖШС компаниясынан). Бұл әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде компанияның ұсынысымен ашылған алғашқы орталық. Заманауи тегістейтін және сылайтын құралдармен, жазық материалдарды кесуге арналған портативті үстелмен, кірпішпен бөлінген арнайы кабиналармен жабдықталған арнайы орын оқу процесін қызықты етіп қана қоймай, шығармашылық ізденіске де жол ашады. 
Ресурс орталықтарын ашу – Германияда кең тараған практика. Компаниялар осындай жолмен өздерінің өнімін ұсынып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілігін де көрсетеді. Knauf Ресурс орталығында жұмысшыларға арналған кабиналар бар, студенттерге арнайы жұмыс киімі, қалақшалар, қорғаныс көзілдірігі мен маска, сүртетін құралдар, қоспалар және қолғап беріледі. Сылақ жасайтын шеберхана мен құрғақ құрылыс әдісі бойынша жұмыс істейтін, яғни гипсокартоннан түрлі конструкциялар жасайтын бөлек бөлме бар. 
«Бастапқыда «Ресурс орталығы» деп аталған еді, ал қазір салалық оқу-әдістемелік кластер дейміз. Мұнда үш мамандық кіреді – жиһаз өндірісі, дәнекерлеу ісі және Knauf Ресурс орталығы (оқу кластеріне интерьерді жөндеу де кіреді). Бұл кластерде студенттер 5 мамандық бойынша дайындықтан өтеді. Барлық оқу-өндірістік шеберханаларда студенттер бірінші курста оқиды, ал екінші курстан бастап өндіріске кәсіби практикаға барады. Студенттеріміз бірінші курсты бітірген кезде қолмен емін-еркін жұмыс істей алады, ең негізгі қажет қабілеттерді түгел меңгереді, сондықтан оларды ойланбастан өндірістік тәжірибеге жіберуге болады. Ол жақта күрделі техникалар мен әдістерді үйренеді», – дейді колледж директорының орынбасары. 
Колледждегі педагогтардың бірі Лариса Стукаловамен де таныс болсаңыздар дейміз. Ол сылау және өңдеу жұмыстарын жүргізетін шеберхананың меңгерушісі. Лариса Стукалованың жетекшілімен студенттер тегістеуді және сылауды меңгереді, эмульсиямен және бояулармен жұмыс істеуді үйренеді. Шеберханада кірпіш қабырғамен бөлінген арнайы кабиналар бар, мұнда қабырғаларды сырлауға және бояуға болады. Сондай-ақ, шеберханада үш фазалы Knauf сылақ жасау аппараты (PFT G4 сылау машинасы) бар. «Біздің серіктестеріміз негізінен үлкен құрылыс нысандарымен жұмыс істейді. Мұндай аппарат 15-20 адамның еңбегін алмастырады. Бұдан бөлек екі тегістейтін шағын машинамыз бар (PTF Ritmo). Жұмыс берушілер үшін біздің түлектердің осындай құрал-жабдықтармен жұмыс істей білуі маңызды. Сондықтан да колледж мұны «Knauf» компаниясынан сатып алды», – дейді Лариса ханым. 

Шығармашылық туралы сөз қозғағаннан кейін трафарет арқылы сурет салу туралы да айта кеткен жоқ. Студенттер мұны Лариса Геннадьевнадан үйренеді. «Біз қабырғаларды трафареттердің көмегімен сәндейміз: алдымен қабырғаны бір түспен бояп алып, сосын трафарет арқылы өрнектермен жиектеме жасаймыз. Алдымен бояудың түсін шығарып аламыз, мысалы, қабырға ақ болса, сары, көгілдір немесе жасыл түсті аламыз, сосын губканың көмегімен трафарет арқылы көбелектің суретін салып шығамыз. Мынау өздеріңіз көріп тұрған қасқырды студенттеріміз осыдан екі жыл бұрын жасаған», – дейді Лариса Геннадьевна.

Алматы құрылыс-техника колледжінде тегіннен-тегін жеті бағыттың бірі бойынша оқып, жұмысшы біліктілігін және қажетті мамандық алып шығуға болады. Жұмыс берушілермен, әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, колледжде «Жиһаз өндірісі» салалық оқу-әдістемелік кластері, 3 Ресурс орталығы құрылған, олардың екеуі шетелдік серіктестердің қаржысына жасалған. 

Колледж басшылығы оқу процесіне екінші ауысымды қосуды жоспарлап отыр. Бұл Алматыдағы жетекші оқу орындарының бірінде білім алып, болашағын жоспарлауды ниет еткен жастардың баршасын қабылдауға мүмкіндік берер еді.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1885465601666131