12 May 2017
WorldSkills чемпионаты

«Дәмді» жарыстар: студенттер әзірлейді және әрлейді

Аспаз – ертеден келе жатқан құрметті де қажетті мамандық. Аспаздық шеберліктің қыр-сырын үйрену үшін мыңдаған қыз-жігіттердің жыл сайын қазақ колледждеріне түсуге талпынуы таңсық емес. Биыл олардың үздік дегендері Астанадағы Көрме орталығына жиналды. Осы жерде өтетін WorldSkills Kazakhstan байқауында жас аспаздар бар өнерлерін салып, бар білгендерін іс жүзінде көрсетеді. Жастар үшін бұл тек әлемдік біріншілікке бару ғана емес, сонымен қатар мықты деген жұмыспен қамтушылар алдында да өзін көрсете білу мүмкіндігі болып отыр. 

WorldSkills Kazakhstan-ның ең «дәмді» секциясы.

Жарысқа қатысушыларды қабылдап отырған Көрме орталығы мамырдың 3-інен 5-іне дейін 23 секцияға бөлінген. Биыл WorldSkills Kazakhstan-ға кәсібиліктің осынша саласы ұсынылған болатын. «Аспаздық шеберлік» секциясы бірден өзіне баурап алады: жас аспаздар небір аспаздық туындыларымен қазылар алқасын да, көрерменді де таңғалдыра отырып, нағыз кереметті жасайды. 

Дегенмен, жеңіске жету үшін бір ғана тағам жасалмайды: қатысушылар тіскебасар түрлері мен сорпа, ыстық тамақпен қатар шайға тәттілерді де әзірлеп, көрсетуі қажет. Негізінде әрбіреуін сарапшылар дәміне, әдемілігіне қарай бағалайтын үйреншікті мәзір. Ең мықты аспаздар жүлделі орынға ие болып, финалға жолдама алады. 
Kazakhstan WorldSkills – колледж студенттері арасындағы техникалық және кәсіби деңгейдің ұлттық чемпионатында Астанада 200-ден аса адам бас қосты. «Үздіктердің ішіндегі үздігі» елімізді әлемдік біріншілікте таныстыратын болады – ол биыл Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді. Қазақстан WorldSkills-ке осымен үш жыл қатарынан қатысып келеді. Сарапшылардың пікірінше, біздің жастар әлемдік финалдағы жеңіске жету мүмкіндігін арттырып, өз шеберліктерін үнемі жетілдірумен келеді. 

Әлі студент болса да, кәсіпқой маман.

Байқауға қатысушылар бар күшін салады. Біз олардың теңіз өнімдерін пайдалана отырып тіскебасар дайындағанына куә болдық. Мысалы, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінен Александр Дубинин әділ қазылар алқасына грильде дайындалған ақсерке мен көксерке, саумалдық пен көкөністер және теңіз өнімдерін ұсынбақшы. 

Астананың Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінен Нұргүл Ибишева ішіне фарш салынған кальмар дайындапты.


Дайындау уақыты, технологиясын сақтау, дәмділігі мен қонаққа ұсыну ерекшеліктері – осының барлығы сарапшылардың баға беруіне себеп бола алады. Қыз-жігіттер өзге қатысушылардың шеберліктеріне тамсанып, қобалжуда. Алайда, қарсыластардың кәсіби шеберлігін өз пайдаңа жаратуға болады. «WorldSkills-те өзіме қажет кейбір нәрселерді біліп қалдым: тісбасардың салқындатылған түрін ұсынудың бірнеше амалын байқадым. Қатысушылардың бірінің тағамды әрлеуі маған қатты ұнады. Бірден көзге түседі екен», – дейді Александр Дубинин. 

Байқауға қатысушылардың басым бөлігі қазірдің өзінде өз ісінің шебері екенін байқатты. Аспаздық шеберліктің қыр-сырын колледжден-ақ әбден меңгеріп алған жастар өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп те жүрген көрінеді. Нұргүл – қонақүй асханасында салқындатылған тағамдар цехының аспазы. Болашағын алдын ала жоспарлай отырып, таңдап алған мамандығы сияқты жұмысы да өзіне қатты ұнайды. Александр болса пиццериялар желісінде аспаз болып істейді. Оның артықшылығы сол, мекеменің ас үйі бәріне айқын, яғни келушілер тағамның қалай дайындалып жатқанын көре алады. «Бұл да бір қорқыныш, мен қарап тұрғандарға көңіл аудармай, асты

әзірлеуге тырысамын», – дейді Александр. 

Байқауға қатысушыларға көмектесу және тәжірибе жинау.

Үздік атанып, байқауға қатысу бәріне бірдей бұйыра бермейді. Бірақ, байқауға қатысушыларға көмекші ретінде қатысып, чемпионатпен жетік танысып, тәжірибе жинауға болады. Біз сондай еріктілердің бірімен әңгімелесіп отырмыз. Астананың Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінен Дәурен Жұмжановтың байқауға қатысуға жасы жеткен жоқ, келесі жылы ғана қатыса алады. 

«Еріктілердің міндеті – қатысушыларға таза ыдыстарды алып беріп, жұмыс орындарының тазалығын қарау, – дейді Дәурен, – Біз оларға ас әзірлеуге көмектесеміз, бірақ сөйлесуге, ақыл-кеңес беруге тыйым салынады. Егер қатысушы менен бірдеңе сұраса, үндемеуім қажет. Өйткені бұл ережеге қайшы». Байқауға қатысушылармен жарыс барысында ешкім сөйлесуге болмайды, тек сарапшылар ғана сөйлесе алады. 

Жылдан-жылға жақсарып келеді.

WorldSkills Kazakhstan сарапшылары – байқауға қатысушылар оқитын қазақстандық колледждердің ұстаздары мен жетекшілері. Әділ қазылар өз студенттеріне «бүйрек» бұра алмайды: олар басқа қатысушыларға баға береді. Ең басты әділ қазылар – тапсырма беретін сарапшылар. Олардың міндеті – тағамды салмағына, түріне және дәміне қарай тексеру. Барлық «тест» құпия бөлмеде жүргізіледі. 

Тәуелсіз сарапшылардың бірі – Қазақстанның мейрамханалары мен клиенттері Қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин қатысушылар мен ұйымдардың деңгейі жылдан-жылға жақсарып келеді деп санайды. «Бірнеше жылдан кейін әлемдік байқауда жүлделі үш орынның біреуін алатындай деңгейге жетіп қалдық. Бүгінгі қатысушылар өте мықты. WorldSkills чемпионаты – керемет іс-шара», – дейді Сайран Хамзин.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1889628137916544