Халида, балалардың құқықтық сауатын арттыру қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
Фактімен сөйлейін. 2017 жылы жария болған UNICEF зерттеулері бойынша қазақстандық оқушылардың шамамен 65%-ға жуығы психологиялық, сексуалдық зорлыққа ұшырап, таяққа тығылып жатады екен. Жаңалықтар қарасаңыз жаныңыз түршігеді. Баланы қорлау, мектептегі буллинг жайлы екі күннің бірінде айтылады. Ал ашылмай, ел білмей қалған қылмыс қаншама? Балаға зорлық көрсетудің алдын алу маманы ретінде айтарым, зорлық көріп, құқы қорғалмаған бала суицидке жақын болады. Біздің ел өкінішке қарай, жасөспірімдер мен балалардың өзіне қол салуы жағынан алда тұр. 2016 жылы тіпті әлем бойынша екінші орынға шықтық.
Жалпы алғанда біздің елде бала да ересек де «өмірім жүз пайыз қауіпсіздікте» деп сеніммен айта алмайды. Бұл факт менің ашуыма тиеді және ойландырады. Сол себепті мен заңгер және ғалым ретінде Қазақстандағы қауіпсіз қоғамның қалыптасуына үлес қосқым келді. Қыркүйекте әріптестерім, «Шәйкенов оқушылары қауымдастығы» заңгер-құқық қорғаушыларымен бірге мектептегі адам құқы жөнінде тегін факультативтер ұйымдастырмақпыз.
UNICEF зерттеулері бойынша қазақстандық оқушылардың шамамен 65%-ға жуығы психологиялық, сексуалдық зорлыққа ұшырап, таяққа тығылып жатады екен.
Street Law Kazakhstan жобасы жайлы айтып беріңізші
Street Law (Көшедегі құқық) мектеп бағдарламасы сынақ ретінде 1972 жылы Джорджтаун (Georgetown University, США) университетінде құрылған. Мақсаты — Вашингтонның тәртібі төмен аудандары мектептеріндегі зорлық-зомбылық мәселелерін шешу Болатын. Заң мектебінің профессорлары адам құқы жөніндегі интерактив курс дайындаса, студенттер оны мектеп оқушыларына үйрететін. Біраз уақыттан соң осы аудандар мен мектептерде қылмыс деңгейінің төмендегені байқалды. Сол кезден бастап Street Law бағдарламасы АҚШ-тың басқа аудандары мен әлемнің 47 еліндегі маңдайалды университеттерде енгізіле бастады.
Байқасаңыз, бұл – азаматтық құқын белсенді пайдалана отырып әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асыра алғанын қоғамның сәтті үлгісі. Бұл – мемлекет бұйыратын жоғарыдан төменге емес, төменнен жоғарыға қарай жол тартқан әрекет болатын.
Қазір жобаны немен толықтырдыңыздар?
Street Law Kazakhstan жобасының алғашқы нұсқасынан әдістеме мен оқулықтар қалды. Ол жеті жыл ішінде сынақтан сәтті өткен болатын. Қазір біз жобаны қоғамда соңғы кезде жиі көтеріліп жатқан мәселелермен толықтырамыз. Мен осы мақсатта Алматылық адвокат, заңгерлердің басын қостым. Біз адам құқы жайлы тренингтер әзірлеп, студенттерді өздері тренинг жүргізе алатын ұстаз деңгейіне дейін даярлаймыз. Біздің курстар Street Law бағдарламасының жалпы тұжырымдамасы бойынша көптеген интерактив әдістер, оқулықтар, білім мен біліктілік жетілдіруді жалғастырады. Жаңалығымыз — баланы кибербуллингтен қорғау, гендерлік теңдік, инклюзивтік теңдік қосқанымыз. Инклюзивтік теңдік мәселесі өте маңызды. Біз ерекше қамқорлықты қажет ететін баланы сәби кезінен қорғауды үйретіп, оқушыларға олармен тең дәреже қарым-қатынас жасауды түсіндіруіміз үйретуіміз керек. Сондай-ақ жобаға Ұлыбританияның бастауыш сыныптардағы буллингпен күрес тәжірибесін енгіземіз. Мен оны Лестер қаласындағы Medway community primary school қабырғасындағы оқуым барысында зерттеген едім.
Курстан қандай үміт күтесіз?
Street Law Kazakhstan арқылы мен балаларға адам құқы мәселесі төңірегінде ең үздік білім беріп, құқын қорғауды үйретемін. Курс бірнеше мақсатты көздейді. Бұл пән Адам құқы жөніндегі жалпыға ортақ декларация мен Қазақстан заң күшіне енгізген Бала құқықтары жөніндегі конвенциядан оқушыларға көп мағлұмат береді. Курс барысында тек өз құқымызды сақтап, қорғап қана қоймай, өзгенің құқына да құрметпен қарауды үйретеміз. Ең басты міндеттердің бірі — өзгенің құқы мен жеке басын қастерлеу.
Пәннің екінші мақсаты — мектеп қабырғасындағы бір-бірін қорлауды тыю. Біздің мектептерде буллинг кең таралғанынан бәрінің хабары бар. Бұл – адам алалау, психологиялық агрессия, оқушы немесе мұғалімнің үнемі бір баланы желкелеп, тұқырта беруі. Келемеждеу, қол көтеру, ұрып-соғу, қағып өту, еркін жүріп-тұруына мүмкіндік бермеу де бар.
Бір қынжылтатыны, біздің мектеп педагогтары буллинг кезінде қалай әрекет ету керектігінен бейхабар. Алдын алудан да хабарсыз. Екінші жағынан, ұстаздың мойнындағы жүгі көп. Сабақ өтіп, тақырып түсіндіріп, бақылау алудан бас көтере алмайды. Олар сыныптағы жағдайға мән бермейді, баланың қылығы деген ойдан аспайды. Дегенмен бұл «балалық», яғни сөзбен қорлау, мазақ қылуға дер кезінде назар аудармаса психологиялық буллингтен қол көтеруге дейін өршіп кетеді. Мектептегі бұзақылар жазасыздығына мастанып, әрекетіне жауап беруден қалады. Тіпті істеген ісінен ләззат алып, жоғары сыныпқа көшкен сайын қорлаудың түрі зорая береді. Мұндай бұзық баладан құқық бұзушы өсіп шығады. Кейін айналасындағы және кездейсоқ адамдарға психикалық және физиологиялық зорлық көрсетуге дейін жетеді.
Менің ойымша буллинг – жүйелі проблема. Ол қанда бар. Алдымен отбасыдан басталады. Сосын балабақша, мектеп, университет, жұмыс орны секілді т.б ортаға көшеді. Сондықтан да бұл құбылыспен күресті ерте бастау керек. Street law Kazakhstan курстары таным көкжиегі енді қалыптасып келе жатқан балаларға зорлыққа жол жоқ екенін, зайырлы қоғамда адамның басын қорлауға тыйым салынғанын, ондай жандардың жолын кесіп отыруымыз керек екенін ұқтыруды көздейді.
Street law Kazakhstan курстары таным көкжиегі енді қалыптасып келе жатқан балаларға зорлыққа жол жоқ екенін, зайырлы қоғамда адамның басын қорлауға тыйым салынғанын, ондай жандардың жолын кесіп отыруымыз керек екенін ұқтыруды көздейді.
Адам құқықтары туралы біліммен қатар курста жұртпен тез араласып кету, айналамен жеңіл қарым-қатынас жасау, конфликт туа қалған жағдайда көмек қайдан келеді, дауды қалай реттеу керек деген сияқты тәсілдерді де (soft skills) үйретеміз. Зорлық көрген баланың өз басындағы жағдайды қорықпай, қымсынбай айта алғанын қалаймын. Street law Kazakhstan мектеп пен сыныпта инклюзив толерантты орта қалыптастыра алады деп сенемін. Өз құқы мен зайырлы демократиялы құқықтық мемлекеттердегі тәртіп сақтау ережесін білген жағдайда бала сыныптағы жайды да реттей алады деп сенемін. Бұзақының қылығын бірден аңғарып, басқалармен бірігіп, оның есіріп кетуінің алдын алып, басқа балалардың құқын бұзғанын түсіндіре алады.
Сабақ беретін студенттерді қалай дайындайсыздар?
Біз мектепте сабақ беретін студенттерді іріктеу мәселесіне қатты назар аударамыз. Биыл Алматыда жоғары курста оқитын және магистр 30 студент таңдасақ деп отырмыз. Сабақ бергісі келгендер болса менімен пошта немесе Facebook аккаунтым бойынша хабарлассын. Жауапты, осы іске құлшынып тұратын студенттер іріктеледі. Олар жобаға бір жыл бойы қатысады. Кейіннен курсты сәтті аяқтаған соң өздері де Street Law тренері атана алады.
Біз студенттерге тек адам құқы бойынша ғана емес басқа да дағдыларды (soft skills) үйретеміз. Пәнді білумен қатар студенттер оқушылармен тіл табыса алып, түрлі мінез-құлықтарына дайын болулары маңызды. Балалар әр түрлі. Сондықтан да біз студенттерді сұраққа жауапты дұрыс беріп, кез-келген проблеманы шешіп, конфликтті реттей алуға баулимыз.
Өз құқын білу – елдегі кез келген балаға қажет. Әсіресе ауылдық жерлерде маңызды.
Курс тиімділігін бағалайсыздар ма?
Біз тренингтер кезінде суденттерді апта сайын оқытып отырсақ, студенттер де оқушыларға тәлім бере бастайды. Осылайша біз курс сапасын бағалай аламыз. Сабақ берумен қатар мен ғылыми зерттеулер жасап, осы пәннің тиімділігін сараптап, оның мектептегі агрессияның деңгейін төмендетуге ықпалын қадағалаймын.
Қазір бізбен жұмыс істеуге дайын мектептермен шарт жасап жатырмыз. Факультативке қызыққан мектеп ұжымы болса менің поштама хабарласуына болады. Келесі жылы бұл жобаны Алматы мен облыстардағы басқа мектерде дамытпақпыз. Сондықтан да облыс, ауылдық жерлермен әріптестігі бар алматылық жоғары оқу орындарымен бірге жұмыс істемекпіз.
Курс сізге қалай әсер еткен еді?
Street Law Kazakhstan жобасымен мен №105 мектеп-гимназияда жетінші сыныпта оқып жүргенде таныстым. Мен және сыныптастарым бұл факультативке зор қызығушылықпен баратынбыз. Себебі бұл - әдеттегі 45 минут бойы тапжылмай өтетін, тек қол көтеріп, рұқсат сұрап сабақ айтатын сыныптағы сабақтан өзгеше, еркін оқу түрі еді. Мен сол кезде алғаш рет интерактив әдіс туралы білдім. Біз пікірімізді жасқанбай айтып, өзара роль бөліп алып, топ болып айтысып отыратын едік. Бізді сыни ойлауға үйретті. Қазір оны елдегі мектептер мен университеттер жаңа енгізіп жатыр. Батыс елдерінде сыни ойлауға бастауыштан бастап баулиды. Осының барлығы менің санамда оқытудың тиімді әдісі секілді жатталып, кейін өзім ЖОО сабақ беру барысында қолдандым. Ол кезде бізге ойы озық студенттер сабақ бергенін енді түсініп жүрмін.
Курстарыңыз тегін екен. Басқа жақтан қаржылай қолдау бола ма?
Әріптес іздеп, грантқа өтінім беріп жатырмыз. Тренерлер студенттерді тегін оқытады.
Сондай-ақ Еуразия технология университеті мен Almaty Management University көмектесіп келеді. Олар тренинг өткізуге аудитория ұсынып, студенттермен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Олардың арасынан біз оқытушылар таңдап алмақпыз. Біз осы университет басшылары мен қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Барлық жоғары оқу орындары, мектептермен әріптестікке дайынбыз. Қаржылай қолдау білдірем дегендеге де қарсы емеспіз. Қазір біз 5-11 сынып оқушыларына арналған оқулықтарды қайта басу мен бала құқығы жөніндегі видеороликтер дайындауға қаржы іздестіріп жатырмыз.
Қымбатты оқырмандар, Street Law Kazakhstan курсы жайлы ұсыныстар болса жоба парақшасына хабарлама жазуға болады.
Халида Ажигулова Лестер университетінің құқықтанушы докторы (PhD), Оксфорд университетінің құқықтанушы магистрі, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі сертификаты бар тренер. Адам құқын жетінші сыныптан бастап, Street Law курсында зерттей бастады. Бұл оның болашақта мамандық таңдауына ерекше әсер еткен қадам еді. Қазір Халида — конфликт шешу, кибербуллингтен қорғау секілді адам құқына қатысты көптеген тренингтердің авторы. Бала зорлау, ұрып-соғудың алдын алу жөнінде шеберлік сабақтарын өткізеді.