11 July 2018
Мектеп
Инклюзивті оқыту

«Ерекше баланың анасына ерекше жігерлі болу маңызды», - ата-аналар инклюзивті оқу жайында

Инклюзивті оқыту жайы Қазақстанда қозғала бастағанына көп бола қоймағанымен, ол әлем талқылайтын тақырыптардың көшінде тұр. Себебі баланы сапалы біліммен қамтамасыз ету барысында ерекше балалардың шет қалуы жаһанның назарын аударуға тұратын жайт. 

Қазақстан ТМД бойынша «Білім туралы» заңға инклюзивті білім беру институтын алғашқы болып енгізген елдердің қатарында. Яғни, ерекше қажеттілігі бар балалардың тең-құрбыларынан қалмай білім алуына жағдай жасау ниетін заң жүзінде дәлелдеді. 

Алматыдағы №75 мектепте республикалық «Білім баршаға» жобасы бойынша «Болашақ» қоғамдық қорының қолдауымен коррекциялық 3 сынып жұмыс істейді. Онда 12 бала білім алады. Бұл жайында өткен қыста аталған мектеп директоры Гүлбаням Тохтасунова айтып берген еді. Біз осы қызықты да маңызды әңгімені жалғастыруды жөн көріп отырмыз. 

Өткен жолы біз жастайынан «аутизм» деген диагноз қойылған Амин Ташиев жайлы жазған едік. Соған қарамастан оның әдеттегі мектепте оқып жатқанына екінші жыл. Ал анасы баласының дамуынан ілгерілеу байқағанын айтады.

Бүгін біз сұқбаттасқан Асад Шакибаев №75 мектепте бірінші сыныпты бітірді. Асадқа Даун синдромы деген диагноз қойылған. Баласының мектептегі өмірі жайлы бізге анасы айтып берді. Инклюзивті білім беру тәжірибесі жайлы Айгүл Шакибаева көп біледі. Бәлкім тағдыр, бәлкім кездейсоқтық: Айгүлдің қызметі ерекше балаларды қорғаумен тығыз байланысты. 

Айгүл ерекше балалардың ата-аналарымен қол үзбей жұмыс істеп, «Ерекше баланың құқығы» бастамасы арқылы мүгедектігі бар балалардың құқын қорғау бойынша мониторинг жасаумен айналысады. Ол инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша алға жылжу бар екенін және қоғамның оларды еш қиындықсыз қабылдауды үйрене бастағанын қуана айтып берді. 

Екі-үш жыл бұрын, инклюзивті мектептер ашылмай тұрған кезде-ақ аутизм диагнозы бар балаларға арналған ресурс сыныптары ашылған болатын. Дегенмен, қоғамда Даун синдромы бар балалар оқу-сызуға қабілетсіз деген пікір қалыптасқан. Алматыда жалпы білім беретін мектеп табалдырығын осындай екі бала ғана аттаған екен. 
Дамуында кедергісі бар балалар жыл сайын жаз айында психо-медицина, педагогикалық комиссиядан өтеді. Осы комиссия жолдамасымен олар мектепке бара алады. Айгүлдің айтуынша Асад «Ашық әлем» қорының арқасында инклюзивті сыныбы бар жалпыға білім беретін мектепке жолдама алған. Қор ерекше қажеттілігі бар балаларға көмектесумен айналысады. 
Асад ойлау жүйесінде ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектептегі бағдарлама бойынша оқиды. Басқа балалар қатысатын жалпы сабақтар мен коррекция сыныбындағы жеке сабақты қатар алып жүр. Бала өз қатарластары секілді мультимедиялық материалдар бойынша оқитын пәндерді ұнатады. Сондай-ақ ол жаратылыстану, өзін-өзі тану, еңбек, дене шынықтыруға да қуана барады. 
Коррекциялық сыныпта логопед, дефектолог, психолог және тьютор жұмыс істейді. Тьютор – қолдауды қажет ететін балаларға сабақ барысында көмектесетін тәрбиеші. Кейде әрі кеткенде 15-20 минуттық сабаққа балалар әрең шыдайды. Сондай кезде қадағалап отырған тьютор баланың жүйкесіне артық салмақ түсірмес үшін сабақтан алып кетеді. 

Балаға қолайлы жағдай жасалса – диагноз маңызды емес. «Егер жеке мұғаліммен жұмыс істеп, ұстаздың назары тек өзіне ауғанын көрген бала үшін білім алу жеңіл», - дейді Айгүл. Сондықтан да жалпы білім беретін мектептерде ерекше балалар үшін тьютордың, яғни жеке мұғалімнің болғаны өте маңызды. 

Алғашқы оқу жылы Асад үшін қиын болған жоқ. Оған сынып жетекшісі Шарипова Лилия Исхакқызы мен басқа пәндерден сабақ беретін ұстаздарының қосқан үлесі мол. Сыныптағы балалар өте тату. «Алғашында қобалжып едік. Бекер болып шықты. Мектеп әлеуметтік бейімдеу бойынша да міндетін атқарып шықты», - дейді анасы. Балалар мен Асадтың, ата-аналар мен өзінің арасында алтын көпір бола алғаны үшін Айгүлдің Лилия Исхакқызына алғысы шексіз. Алғашында балалар Асадтың бойындағы ерекшелікті байқамаған да. Тақтаға шығып, өзіне берілген тапсырмаларды (жеңілдетілген болса да) бар ынтасымен орындап, алғашқы кішкентай жетістіктеріне қол жеткізе бастаған сәттен бастап Асадтың қатарластарынан айырмашылығы азайып шыға келді. Сол сәттен бастап Асадтың маңайына балалар үйіріліп, достары көбейе бастады. 
Айгүл мамандығының арқасында инклюзивті сынып пен арнайы мектептегі білім айырмашалығын жақсы біледі. «Инклюзияның құндылығы - бір-екі ерекше баланың дамуындағы қиындықты бірнеше қалыпты балалардың арасында тез жеңуге болатынында. Ал арнайы мектеп сыныбындағы барлық ерекше балалардың құлшынысын арттырып, қатарға қосу оңай емес. Арнайы мектепте мұғалім 10-15 ерекше баланың назарын аудару үшін жұмыс істейді. Ол балалар бір-бірінің ауыр мінезін қайталап, дамуында кедергі басталады», - деп түсіндірді Айгүл. 

Қоғамның инклюзивті білім беруге әлі толық дайын емес екенін Айгүл жақсы біледі. Жалпы сыныптағы ата-аналар өз балалары үшін алаңдаса, ерекше балалардың әке-шешесінің де уайымы аз емес. Себебі бұл балалар өздерін қорғай алмайды. «Сондықтан да инклюзив тәрбиені балабақшадан бастаған жөн. Ол жерде сәби кезінен бастап көпшілікке араласып үйренеді», - дейді Айгүл. 

Айгүл ата-аналардан мүгедектігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалар жайлы қасаң ойдан арылуды сұрайды. «Қоғамнан оқшауланып, баланы төрт қабырғаға қамап ұстауға болмайды. Себебі ерекше балалардың өмірі мен дамуы мен сау балалардың тәрбиесінде еш айырма жоқ. Мұндай бүлдіршіндерді дамыту барысында ата-анаға ерекше күш-жігер мен білім керек. Дәрі-дәрмекті орнымен, уақытылы қабылдап, бақсы-емші жағалап уақыт өткізіп алмай, дер кезінде бейімдеуді қолға алу керек. «Ерекше балаларды тәрбиелеу мәселесін жаппай насихаттау да маңызды. Инклизивті дамыту жайында білу үшін ата-ана сауатты болып, дұрыс ақпарат іздеп, керекті дамдарды тауып, баланы дамытуға күш салуы керек», - дейді Айгүл. 
Сұқбат соңында Асадтың анасы ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қажет мәліметімен бөлісті. 1411 нөміріне қоңырау шалып, тегін психологиялық кеңес алып, маманның көмегіне жүгінуге болады.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/2085164801696209

Digital-агентство Белочка