25 June 2018
Мектеп
Инклюзивті оқыту

Өзі қатарлы балалармен араласа бастағалы балам көп өзгерді! – Ата-аналардың инклюзив білім беру туралы пікірі

Инклюзив білім беру әлемдік деңгейдегі ең негізгі трендтердің қатарында, себебі балалардың сапалы білім алуына теңдей жағдайдың жасалмауы бізге ғана тән емес, ғаламдық мәселе. 

Біздің еліміз ТМД-да алғашқылардың бірі болып ҚР “Білім беру туралы” заңына инклюзив білім беру институтын енгізіп, инклюзив білім беруді заң жүзінде айрықша қажеттігі бар балалардың да білім алуына баршамен теңдей жағдай жасау процесі ретінде бекітіп берді. 

Алматыдағы №75 мектепте республикалық “Білім - баршаға” жобасының арқасында және “Болашақ” қоғамдық қорының қолдауымен осындай он екі бала білім алып жатыр. Бұл туралы былтырғы қыста мектеп директоры Гульбаням Тохтасунова айтып берген болатын. Бұл мәселенің қоғам үшін аса маңызды екенін ескере отырып, №75 мектепке қайта айналып бард
Оқу жылының аяғында айрықша балалардың ата-аналарымен кездестік. Қыркүйекте балаларын қандай білім беру ұйымына апаратынын ойлап, бас қатыратын ата-аналардың сүйіспеншілікке және үмітке толы әңгімесі бізді де бей-жай қалдырған жоқ. 

Кейіпкеріміз Амин Ташиев екінші сыныпта оқиды, кішкентай кезінде-ақ аутизм деген диагноз қойылған. Амин екі жылдан бері №75 мектепте оқып жатыр. Анасы Салтанат бастапқыда қиын болғанын жасырмайды. 

Амин алғашында психологиялық-медициналық және педагогикалық комиссияның (ПМПК) шешімімен “Жанұя” интернатында білім ала бастаған. Сол жерде жүргенде ата-анасы айрықша даму белгілері бар балаларды кәдімгі мектепке қабылдайтыны туралы білген. 

Ойлана келе, сондай мектепке беруге шешім қабылдаған. Амин №75 мектепке жолдама алғаннан кейін де отбасы екіойлы болып, біраз әуреге түскен. “Қорыққанымызды жасырмаймын, – дейді Салтанат. – Бастапқыда тіпті бекер келістік пе деп те ойладым, ата-аналар тарапынан әртүрлі әңгіме болды. Баланың жүйкесіне де қатты тиді”. 
Бірақ біртіндеп бәрі жолға қойыла бастады, қарым-қатынас та түзелді, үлгерім де жақсарды. Салтанат, әсіресе, Аминнің қарым-қатынас жасауда біршама ілгерілегеніне қуанады: “Бастапқыда балалармен сөйлеспейтін, ашуланатын кезі де көп болатын. Қазір амандасады, бірдеңе керек болса сұрайды. Бұл біз үшін өте маңызды!”. 

№75 мектептің инклюзив білім беруге дайындығы жақсы және толық мүмкіндігі бар екенін айта кеткен жөн: балалармен логопед, дефектолог, психолог жұмыс істейді, коррекциялық кабинет те бар. Айрықша қажеттігі бар 12 балаға 6 тьютор қызмет көрсетеді. 

Иә, балалар тез шаршап қалады, кейде тьютор 15-20 минуттан кейін баланы алып кетуі керек болады. Негізі әр балаға бір тьютордан келгені дұрыс, бірақ әзірге ол мүмкін болмай тұр. 
Коррекциялық кабинетке кіріп, педагогтармен таныстық, жеке оқу жоспарын да қарап шықтық. Балаларға мемлекеттік стандартқа сай оқу материалдары ұсынылады, бірақ әр баланың диагнозын есепке ала отырып, әр айрықша бала үшін жеке-жеке бағдарлама түзіледі. 
“Бұл мәселеге аса мұқият қарадық. Көптеген әдістемелік материалды зерттедік, мемлекеттік деңгейдегі бүкіл бұйрықтарды, ережелерді, стандарттар мен қызметтік нұсқаулықтарды қарадық. Содан кейін ғана жалпы жұмыс жоспарын және әр пән бойынша әр балаға арналған жеке оқу жоспарын жасадық”, – дейді мектеп директоры Гульбаням Имтахунқызы материалдарды алдымызға жайып салып. 
Ал Амин туралы әңгімеге қайта оралсақ, мектеп кітапханасы – оның ең жақсы көретін жері. Балақай картаға қатты қызығады, әр мемлекеттің туы мен елтаңбасын айыра алады, олар туралы көбірек мәлімет білгісі келеді. Үй-іші Аминнің оқудағы табысына қуанғанымен, оқуына аса қатты күш салмайды. Салтанат ұлының математикаға ерекше қызығатынын айтады, қорытынды бағаны да өз күшімен алыпты. 
“Барлық пәннен үштік бағаға шығып жүргенбіз. Биыл математикадан төртке шыққанын естігенде таңданысымды жасыра алмай, Светлана Владимировнадан сұрадым”. Амин бағаны адал еңбегімен алған екен. Дене шынықтыру сабағында жалпы бағдарламаны орындап жүргені де Салтанатты ерекше қуантты, өйткені былтыр Аминнің бұл пәнде басқа балаларды итеретіні айтылатын. 
Дегенмен, Салтанат басқа ата-аналарға кеңес беруге асықпайды. Өйткені өзінің қалай қиналғанын, тіпті алғашқы кездері жылағанын да ұмыта қойған жоқ. Баланы жалпы білім беретін мектепке беру-бермеу мәселесін әр ата-ана өзі шешуі тиіс: “Әр баланың диагнозы әртүрлі. Баланы қалай қабылдағанға, оның қандай сыныпқа тап болғанына да көп нәрсе байланысты. Біздің жолымыз болды. Сыныптағы оқушылар да, олардың ата-анасы да жақсы болып кездесті”. 
Мектептен тыс Салтанат ұлын психологқа, невропатологқа, логопедке және дефектологқа апарады. “Мұндай мамандардың көмегінсіз бағдарламаға ілесе алмаймыз деп ойлаймын. Мәселен, математикаға қызығуына дефектологтың көмегі зор болды. Қазір көбейту кестесін жаттап жатыр. Логопедпен әлі де біраз жұмыс істеу керек”, – дейді Салтанат. 
Сөз соңында Салтанат Аминнің алғашқы диагнозы қазіргі жағдайына сәйкеспейтінін айтты. Баланың жақсы жағына қарай өзгеруінің бірден-бір себебін ол инклюзив білім беру жүйесінен деп біледі. Өзінің қатар құрбыларымен араласқаннан кейін тез бейімделіп, біршама ілгерілеушілік болғанын айтады. Оның сөзін мектеп директоры да құптап отыр. Инклюзив білім беру жүйесін енгізген екі жылда біраз тәжірибе жинап үлгерген Гульбаням Имтахунқызы бағдарлама табысты жұмыс істеп жатқанын және балаларға оң әсер еткенін, соның ішінде ең бастысы балалардың өзін баршамен тең сезінуіне жағдай туғызып отырғанын айтады. 

Жазда, оқу жылы басталуға таяу қалғанда бұл балалар тағы да ПМПК алдынан өтеді, кейде балалар жалпы білім беру бағдарламасына лайық деген де шешім шығады. Кішкентай Аминге сабағын әрі қарай да жақсы оқып, басқа ата-аналарға үміт сыйлай бер дегіміз келеді.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/2070442253168464

Digital-агентство Белочка