25 October 2017
Жаңартылған бағдарлама

Бастауыш сынып оқытушысы критериалды бағалаудың артықшылықтары жайлы айтып береді

Біз сіздерді критериалды бағалаудың жаңа жүйесімен жұмыс істейтін мұғалімдермен таныстыруды жалғастырамыз. Естеріңізге сала кетейік, бұл жүйе 2015 жылдан бері кезек-кезеңмен енгізіліп келеді. 2016-2017 жылдары жаңа әдіспен пилотты 30 мектептің бірінші сыныптары білім алса, 2019-2020 жылдарға қарай елдегі барлық мектептің 1-12 сыныптары көшеді деп жоспарланған. 

Критериалды бағалау - бұл процестің ашық та әділ болуы үшін енгізілген. Бұл жайында осы әдіс авторларының бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты Айдана Шилибекова бұған дейін әңгімелеп берген болатын.
Естеріңізде болса, жаңартылған мазмұнның бір бөлігі болып саналатын критериалды бағалау жүйесі алты жыл бойы «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» (НЗМ) дайындалып, сынақтан өткен болатын. Енді бұл жүйе жалпы білім беретін мектептерде де енгізіле бастады. Бұл – кез келген баланың үздік әдістемемен білім алуына жағдай жасауды көздейді https://goo.gl/1Tgn8A. Критериалды бағалаудың басты артықшылығы – мектеп оқушыларын бағаның соңына түспей, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйретуде жатыр. Бұны осы жүйемен жұмыс істейтін педагог, бастауыш сынып мұғалімі Елена Юмашева мен химия пәнінің мұғалімі Гаухар Жамбулатова да растап отыр. 
Ал бүгін біз 23 жылдық еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі Күлшат Шерехановамен әңгімелестік. Ұстаз Түркістан қаласында орналасқан Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектептің 3-сыныбындағы 35 баламен қалай жұмыс істейтіні жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті. 
avatar
Критериалды бағалаудың балаларға берер пайдасы бар ма? 
avatar

Бұрынғы бағалау жүйесі бойынша біз балаға жауап бергені үшін немесе сабақ оқымағаны үшін баға қоятынбыз. «5» деген баға ең жоғарғы өлшем болғандықтан, баланың кемшіліктері мен қателіктеріне қарай оның бағасы кеміп отырды. Бұл баланы ынталандыру емес керісінше жазалау болды десем қателеспеймін. Әрі нақты білім деңгейін көрсетпейтін. Оқушы қаншалықты әділ баға алғанын білмей, күмәнмен қарайтын. Балаға дәл нені өзгерту керектігін түсіндірмейтінбіз. Жаңа бағалау әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге көңіл бөлу керектігін ұғынады. Критериалды бағалау оқушыға өз үлгерімінің толық көрінісін алақанға салғандай етіп береді. Оқушылар алдын ала белгіленіп, көрсетілген талап бойынша баға алады. Қатесі қай жерінде екені, түзеу үшін, болашақта қайталамау үшін не істеу керектігі жайлы мұғалімнің жазған пікірінің арқасында бала дер кезінде бағдар алады. 

avatar

Өздеріңіз білетіндей, күнделікті сабақта қалыптастырушы бағалау болады. Мұғалім баланың білімін ауызша немесе пікір жазу арқылы сабақ барысында кез келген тапсырмаларды қолдана отырып бағалайды. Бірақ нақты сандық баға қойылмайды. Сыныптастарының жауабын бағалау ісіне балалар да белсене қатыса алады. Жаңа жүйе көп нәрсеге үйретеді. Достарының берген жауабын мұқият тыңдауға, ой-пікірін еркін айтып, әділ шешім қабылдауға дағдыланады. Көшбасшылық қабілеттері шыңдалып, сыни ойлау жүйесі дамиды. Өз жауабын қасындағы достарының жауабымен салыстыра отырып, оң таңдау жасауға бейімделіп, сынды дұрыс қабылдауға үйренеді. 

avatar

Кейде бала қағыс қалған маңызды қателерді де байқайды. Бірде «Аялдама» тақырыбына қатысты сабақ өтіп жатқан едім. Барлық топ тапсырмаларын қатесіз орындап, бір-бірлерін бағалап жатты. Кенет балалардың бірі орнынан тұрып, бірінші топтың қатесін көрсетті. Олар «+» белгісін дәптердің екі тор көзіне жазыпты. Бірақ оны ешкім бірден байқамаған. Осы ескертуден соң оқушылар жазу барысында барлық жағдайда ұсақ-түйекке мән беретін болып шешті. 

avatar

Жаңа жүйе енгізілгелі бері оқушылардың үлгеріміне оң әсер етіп жатқаны байқалады. Сыныпта үлгерімі жоғары оқушылардың саны артты. Ал білім деңгейі төмен көрсеткіш көрсетіп отырған балалардың өздері келесі бөлімді аяқтап, тоқсандық жиынтық бағалауға дейін білімдеріндегі көрсеткіштерін түзетуге әрекет жасайды. Сонымен бірге жаңа жүйе оқытудың түрлі әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.

avatar
Сыныпта оқушылар өз пікірлерін сыныптастары алдында еркін сөйлеп айтудан бастап, тақырыпқа байланысты түрлі деректерді жинастырады. Жинаған материалдарын суреттер, сызбалар, диаграммалар түрінде көрсетеді. Шағын әңгімелер, ертегілер құрастырады. Бір-бірлерінің жұмыстарына кері байланыс беріп, талқылайды. Түрлі тақырыптарда зерттеу жүргізуге қызығушылықпен қатысады. 
avatar
Оқушылар мен ата-аналардың жаңа бағалау жүйесі жайлы пікірі қандай болды? 
avatar

Критериалды бағалау жүйесін енгізе бастағанда сабағымда қиындықтар болмады дей алмаймын. «Неге баға қоймайсыз?», «Бағамыз қайда?» — деген сұрақтарды ата-ана да, бала да қоятын. Келе-келе, жүйелі кері байланыс беру, бағалаудың түрлі тәсілдерін қолдану барысында оқушылардың қызығушылығы арта бастады (оқушылар бірін-бірі бағалау, топпен бағалау, өзін-өзі бағалату әдістерін қолданғанда). Қазір критериалды бағалау жүйесінің бала үшін пайдасы көп екеніне барлығының көзі жетті. Сондай-ақ, бағалаудың баға қоюмен ғана шектелетін тәсіл емес, материалды меңгеру немесе меңгермеу жағдайымен қатар оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін сабақтың маңызды бір бөлігі екенін түсінді. 

avatar
Өз оқушыларыңыздың білімін қалай бағалайсыз? Тәжірибеңізбен бөлісіңізші. 
avatar

Қалыптастырушы бағалауды сабақтың мақсатын қамтитындай етіп жоспарлаймын. Сыныпта 35 бала бар. Қалыптастырушы бағалауды әр түрлі формада өткіземін. Кейде жазбаша, кейде ауызша. Пікірді де қажет болған жағдайда жазамын.

avatar

Мен бастауыш сыныпқа сабақ беремін. Ата-аналардың баламен бірге сабақ оқитынын білемін. Сондықтан да үлгерімі төмен балалардың жұмыстарына пікір жазып жіберемін. Жазған пікірімді баланың аз болса да жеткен жетістігінен бастаймын, әрі қарай ата-ананың баласының жұмысында неге назар аудару қажеттігін көрсетіп, бағыт беремін. Өйткені бұл – ата-ананың баланы қадағалау барысында неге назар аудару керектігіне берілетін бағдар. Соның арқасында баланы қай бағытта қамшылау керектігін біліп отырады. Ал тапсырманы жақсы орындап жүрген оқушыларға мақтап пікір жазып беремін. Балалар көптің алдында қолпаш сөз естісе қатты қуанатынын білесіздер ғой. Ол тек жақсы оқушыны ынталандырып қана қоймай, бүкіл сыныптың білім алуға деген құлшынысын арттырады. Дегенмен жақсы оқитын балаға да одан әрі ізденудің, білімін жетілдіре түсудің пайдалы екенін де ескертіп отырамын. Қалыптастырушы бағалау қорытындысын күнделіктеріне де жазып беремін.

avatar

Сабақ барысында бағалаудың түрлі деңгейі қолданылады. Мұғалім балаларға кері байланыс берсе, балалар мұғалімнің сабақ беру әдісін, жолдастарының білім деңгейін бағалай алады. Бұл - әділдікке баулып, жұрттың көзінше жария бағалауды қамтамасыз етеді.

avatar

Дегенмен, алғашында бұрынғыдай баға алмаған соң еркінсіп, сабақ оқуға селқостық танытқан балалар да болды. Алайда бөлімнен соң (бастауыш сыныпта әр тоқсанда әр пән бойынша 2-3 бөлім бар) тапсырма орындап, оның нәтижесі бойынша жиынтық бағалау балдарын алатынын білді. Бастапқыдағы селқостық салдарынан жиынтық бағалаудан төмен балл жинады. Қазір әр күнгі сабақты жүйелі оқығанда ғана жақсы жетістікке жетіп, жоғары балл жинайтындарына көздері жетті. Балалардың жауапкершілігі де арта түсті.

avatar

Жиынтық бағалау балдарын алудың өз рәсімдері бар. Мысалы, оқушылар бір бөлімді аяқтады делік. Мен осы бөлім бойынша тапсырма әзірлеп, балалар оны сабақ барысында 15-20 минут ішінде орындайды. Мұндай тексеру қорытындысымен ата-аналар да танысып, тоқсан соңына дейін қай тұста білім жетілдіру керектігін ұғады.

avatar

Тоқсан соңында оқушылар 40 минуттық тоқсандық жиынтық бағалауды тапсырады. Оның қорытындысын мен электрондық журналға енгіземін. Әр бөлімнің балы қойылып, нәтижесінде тоқсандық пайызы шығып (50%+50%), автоматты түрде тоқсандық баға түзіледі. Оны мен баланың үлгерім табеліне түсіремін.

avatar
Құжат толтыру бойынша жұмыс көлеміне келер болсақ, бұрын да баланың білімін тексеріп, баға қойып отыратынбыз. Критериалды бағалау жүйесі енгізілгелі бері ол жұмысты қате нақты қай жерде екенін көрсету талабы шеңберінде жалғастырып келеміз. Айырмашылығы – балалар ұстаздан білім жетілдіру барысында қажет кеңесті күнделікті алып тұрады. Оны ата-ана да көріп отырады. Сондықтан да бөлімді аяқтаған кезде немесе тоқсан соңында балалар тексеруге тыңғылықты дайындықпен келеді. 
avatar
Жаңа жүйемен жұмыс істегеніңізге қанша уақыт болды және әдістеме бойынша сұрақ туындаған жағдайда кімге хабарласасыз? 
avatar

Біздің мектеп — оқытудың жаңа мазмұны енгізілген алғашқы 30 мектептің бірі болды. 2015-2016 оқу жылдарында критериалды бағалауға сынақ сыныптарында тест өткізілетін еді. 2016-2017 оқу жылдарында барлық бірінші сыныптарға енгізілді. Бұл уақыт ішінде семинар, коучингтер, алқалы жиындар өтіп, мұғалімдерге критериалды бағалаудың ерекшеліктері түсіндіріліп, оларды келесі оқу жылына дайындау жұмыстары жүрді.

avatar
Критериалды бағалау тақырыбына 2015 жылы Астанадағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҰ Педагогикалық өлшем орталығында апталық курстар өтті. Бізді Орталық мамандары, Көкшетау мен Талдықорғандағы «Назарбаев зияткерлік мектеп» мұғалімдері дайындады. Критериалды бағалау жүйесін қолдана бастағанда Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» тарапынан көп қолдау көрдік. Ал бүгінде қандай да бір мәселе туындаған жағдайда Орталық мамандарымен ақылдасамын. 

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1957440497801974