01 April 2019
ҰБТ

ҰБТ-2019 жайлы

20 маусым мен 5 шілде аралығы түлектер үшін қарбалас кезең. Бұл — жоғары оқу орнының грантына қол жеткізу үшін ҰБТ тапсыратын кез. Былтырғы түлектер тестке дайындалу тәжірибесімен бөлісуде. Ата-аналар «балаға дем берсе болды, қалғанын өздері де алып кетеді» деген пікірде. Грант қалай бөлінеді, талапкерлерге қандай сұрақтар келуі мүмкін, ҰБТ кестесі қандай. Осы және басқа да сұрақтар жайында әңгімелемекпіз.

ҰБТ ӨТЕТІН КЕЗЕҢ

2019 жылдан бастап ҰБТ тапсыру түрлері:

  • жоғары оқу орнында ақылы оқу үшін 3 рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігі бар;
  • грант тағайындау байқауына қатысу үшін 20 маусым мен 5 шілде аралығында бір рет тапсырады.

Түлектердің жүйкесіне түсетін салмақты азайту үшін осы әдіс таңдалды. Кесте жайлы толық ақпаратты Ұлттық тест орталығының сайтынан көруге болады.

ҰТБ СЫНАҒЫНАН БОСАТЫЛАТЫНДАР

  1. IELTS, TOEFL халықаралық сертификаты бар талапкерлер «Шет тілі» пәнінен.
  2. Техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің түлектері жеделдетіп оқу бағдарламасына ақылы түрде тапсырғанда босатылады.

ҰБТ СҰРАҚТАРЫ

Министр Күләш Шәмшидинова балалардың білім деңгейін толыққанды саралау үшін ҰБТ сұрақтарының жыл сайын жетілдіріліп отыратынын алға тартты.

ӨТКЕН ЖЫЛҒЫ ТАЛАПКЕРДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Біз оқуға бұрын тапсырған балалардың пікірін жыл сайын сұраймыз. Әлеуметтік желідегі оқырмандарымыз да өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Мысалы, Әлия Бектұрғанова өзгерістердің (2018 жылы ҰБТ мен мектеп бітіру аттестациясы бөлінген) жақсы жағын да айтып өтті. «Мен ҰБТ тапсырған кезде тест нәтижесі аттестатқа да түсетін. Қазір олай емес. ҰБТ-ны түгел беске тапсырмасаң да «Алтын белгі» иегері мәртебең сақталады.

11 сынып оқушысы Эмиль Омаров ақылы аралық тест тапсырмағанын айтады. Ол жазғы ҰБТ сынағын бірақ тапсырам деп бас алмай дайындалып жатыр. 

Өз күшіңмен ҰБТ-ға дайындалуға болатынын ұқтым
avatar
Ким Виктория

Ал №70 мектептің түлегі Ким Виктория 2018 жылы қалай сынақ тапсырғанын айтып берді. Ол кезде Виктория 103 балл алған болатын. «Менің дайындалған сұрақтарым келмеді. Тарих оңайлау болды. Себебі мұғаліміміз бізді тестке дайындамай, 7 сыныптан бергі мектеп бағдарламасын миымызға құйған еді. Математиканы жақсы тапсыру үшін үнемі есеп шығару керек. Мен ескі тест тапсырамалары бойынша көп есеп шығарып, жаттықтым. Ал ағылшын тілі қиындау болды. Арасында ережесі бөлек тапсырмалар да кездесті. Өзім 11 сыныпта жыл бойы дайындалдым. Өз күшіңмен ҰБТ-ға дайындалуға болатынын ұқтым. Менің сыныптастарым ақылы курстарға барып жүргенмен, менімен бірдей балл жинады».

ГРАНТ БӨЛУ ТӘРТІБІ

Енді түлектер мамандық емес нақты білім беру бағдарламасы мен ЖОО таңдай алады. Ал гранттар талапкер таңдаған жоғары оқу орнына бөлінеді. «Биылдан бастап мемлекеттік тапсырысты дайындап, бөлу білім беру бағдарламасының топтары бойынша жүзеге асады», — деді Мәжіліс отырысында вице-министр Талғат Ешенқұлов.

Бұл — жаңа жіктеуіш қабылдануы мен ЖОО білім беру бағдарламалары түрлерінің кеңеюімен байланысты. Мысалы, бүгінгі күні 176 мамандық білім беру бағдарламаларының 97 тобы бойынша жіктеледі. Қазір жоғары оқу орындары жүзеге асыратын бағдарламалардың реестрі жасалып жатыр. Талапкерлер өздерін қызықтырып отырған топқа қандай білім беру бағдарламасы кіретінін және ол қай жоғары оқу орнында екенін біле алады. Мұнымен қатар әр талапкердің қолына ҰБТ сертификатымен қоса білім беру бағдарламалары тобының тізімі жазылған парақ та беріледі. Онда бөлінген грант саны, өткен жылғы грант байқауының нәтижесі де көрсетіледі.

ҰБТ-да негізгі пәндердің келесі комбинациясы белгіленді:

  1. Математика - Физика.
  2. Математика - География.
  3. Биология - Химия.
  4. Биология - География.
  5. Шет тілі - Дүниежүзі тарихы.
  6. География - Иностранный язык.
  7. Дүниежүзі тарихы - Адам. Қоғам. Заң.
  8. Дүниежүзі тарихы - География.
  9. Қазақ тілі / Орыс тілі - Қазақ әдебиеті / Орыс әдебиеті.
  10. Химия - Физика.
  11. Шығармашылық емтихан - Шығармашылық емтихан.

Білім беру саласының ішіндегі тиісті пәндер қатар келіп қалған жағдайда талапкерлерге оқу бағдарламасының төртке дейінгі топтарын таңдауға мүмкіндік беріледі.

Мысалы, «Биология» + «Химия» пәндері бойынша жарияланған білім гранты үшін байқауда сіз «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту (медицина)» саласы бойынша төмендегі бағдарламаларды таңдай аласыз:

  1. «Мейірбике ісі».
  2. «Фармация».
  3. «Жалпы медицина».
  4. «Стоматология».

Оқу бағдарламалары тобының тізімі ҰТО сайтында жарияланады.

Оқу бағдарламалары бойынша берілген гранттар саны бекітілген соң БжҒМ мен ҰТО сайтында ЖОО-лар жүзеге асыратын оқу бағдарламалары реестрімен қоса жарияланады.

Құрметті талапкерлер, грант жеңіп ала отырып, оқуға түсерде оқу бағдарламаларының тобынан тиісті бағдарламаны таңдайсыз. Мысалы, «Химия пәні мұғалімдерін дайындау» оқу бағдарламасы бойынша грант иегері оқуға түсерде «Химия» және «Химия-Биология» тобын таңдай алады.

АТА-АНАЛАР ТІЛЕГІ

Балалары былтыр сынақ тапсырған ата-аналар түлектерге дем беріп отыру керектігін айтады. 

Ұл-қыздарымызға көңіл бөліп, жан дүниесіне үңіле білсек, соның өзі жақсы көмек болады
avatar
Құдасбаева Махтал

Құдасбаева Махтал Сапарғалиқызы 2018 жылғы ҰБТ кезінде сіңлісінің қызына қолдау көрсету үшін келген. «Әрине, оқушыға да, ата-анаға да қиын сәт. Дегенмен бәріміз осындай сыннан өттік емес пе?! Мектеп бітіріп, емтихан тапсырдық, жоғары оқу орнына түстік. Баланың оқуға құштарлығы болғаны дұрыс. Осындай емтихандарға дайындалған кезеңдерде бала есейеді, жауапкершілігі артады. Дегенмен баланың бала екенін ұмытпай, әрқашан қолдаған дұрыс. Ұл-қыздарымызға көңіл бөліп, жан дүниесіне үңіле білсек, соның өзі жақсы көмек болады. Қалғанын өздері алып шығады», — дейді ол.

Нилуфар Абдумажитова қызының 2017 жылы қалай ҰБТ тапсырғанын еске алады. «Қызым ҰБТ кезінде жақсы балл алды. «Өзіме сенімді болдым, түк те қобалжымадым» дегені есімде. Сосын грант жеңіп алып ЖОО студенті атанды. Қазір бірінші курсты өте жақсы аяқтады. Сондықтан да айналайын балаларым, саспаңдар. Алға қойған мақсаттарыңа қарай нық қадам басыңдар! Біз, ата-аналар, үнемі қастарыңдамыз. Сендерді түсініп, қолдау үшін өмір сүріп жүрміз».

НӘТИЖЕНІ ЖАРИЯЛАУ ЖЫЛДАМДЫҒЫ МЕН БАҒАЛАУДАҒЫ ЖАРИЯЛЫҚ

Өткен жылы ҰБТ барысын онлайн бақылауға мүмкіндік болды. Ал нәтижесін жұрт телеграм-бот көмегімен ЖСН арқылы жылдам біліп алды. Биыл да сол мүмкіндіктер сақталған.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/2252188014993886