03 August 2017
ҰБТ

ҰБТ тапсыра алмаған түлектерге тегін кәсіби білім беріледі

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жұмысының бірінші жартыжылдығы қорытындыланды. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов бағдарламаның 90 мың қазақстандықты қамтитынын айтты. Вице-министр келтірген мәліметтер бойынша, 21,1 мың адам кәсіби және техникалық білім беру мекемелерінде дайындықтарын бастаса, 35 мың жас қысқа мерзімді кәсіби білім алуға кіріседі. Біржан Бидайбекұлы бағдарлама аясындағы тегін кәсіби білім беру ең алдымен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған түлектер үшін ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, студенттер колледжде тегін оқумен қатар, стипендия алып, жүріп-тұру шығындарына қаражат алып, күнделікті бір мезгіл тегін ыстық тамаққа да қол жеткізе алады. 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржыландырылады. Біздің министрлік бағдарламаға білім беру бағыты бойынша серіктес. Атап айтқанда, кәсіби-техникалық білім беру мен қысқа мерзімді курстарға жауапты. Бүгінгі әңгімеміз мектеп бітірушілердің кәсіби дайындығын қамтитын дәл осы бағыт бойынша өрбімек. 
«Жергілікті әкімшілік және жұмыспен қамту қызметімен бірлесе отырып, Бағдарламаның бірінші бағытын жүзеге асыру жұмыстарына мониторинг жасаумен және жалпы үйлестіру жұмыстарымен айналысамыз. Атап айтқанда, қаржыландыру қажеттілігін анықтап, еңбек нарығының сұранысын талдап, сұранысқа ие деген мамандықтарды екшейміз. Бұл мәліметтерді бағдарламаға қатысатын тараптарға ұсынамыз», – дейді Техникалық және кәсіби білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова. 
Білім және ғылым министрлігінің дәл осы департаменті колледжде маман дайындау саласына жауапты. 
Техникалық және кәсіби білім беру департаменті директорының айтуынша, талапкерлер арнайы мобильді топтарға келіп жолыға алады. Бұл топтар жергілікті билік орындары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, колледж, еңбекпен қамту орталықтарымен берлесіп құрылады. Үміткерлер тізіміне тек ҰБТ тапсыра алмай қалған балалар ғана емес, жұмыссыз және өзін-өзі асырап жүрген жандар да іліге алады. Биылғы наурыз айынан бастап 835 мобильді топ құрылды. Олардың құрамына әкімшілік, білім беру ұйымдары, аудандық, қалалық деңгейдегі еңбекпен қамту орталығы мамандары, жергілікті полиция қызметі мен жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер кірді. Бұл ұйымның мақсаты – колледждегі тегін оқу жайын жұртқа насихаттап, сұрақ қойған жандарға кеңес беру. 

Мұнымен қатар, мобильді топтар біздің министрліктің қолдауымен өңірлерде түсіндіру, кәсіпке бағыттау, кеңес беру жұмыстарымен де айналысып жүр. Жыл басынан бері мұндай шаралар Астана, Алматы, БҚО, ОҚО, Ақмола облысы мен Алматы облыстарында өтті. Насымжан Жамбекқызы бағдарлама аясында 23 мамыр күні алматылық журналистер мен блогерлердің қатысуымен пресс-тур ұйымдастырылғанын да тілге тиек етті. «Техникалық және кәсіби білім беру. Сәнге айналған жаңа бағыт па, әлде қажеттілік пе?» атты пресс-тур барысында БАҚ өкілдері Туризм және қонақжайлық индустриясы колледжінде болып қайтты. Бұл жайында біз өз парақшамызда жазған болатынбыз

«Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын енгізу мен дуальді білім беруді ұйымдастыру мәселелеріне арналып Кентау (25 мамырда), Шымкент (26 мамырда) қалаларында өткен дөңгелек үстелге де ерекше тоқтала кеткен жөн. Ол дөңгелек үстел жұмысына ОҚО, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары білім беру басқармасы өкілдері, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, ОҚО мен Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері, Шымкент қалалық халықты еңбекпен қамту орталығы мамандары, Халықаралық әріптестік бойынша Германия қауымдастығы (GIZ), ҰКП Тәлімгерлікті дамыту жөніндегі Трир қаласының (Германия) шеберлер палатасы, қауымдастықтар мен кәсіпорын, колледж өкілдері қатысты. Жиында негізінен Бағдарлама аясында тегін кәсіби білім беру мен дуальді оқытуды ұйымдастыруға арналған заңдық база талқыланды. 

Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жаңарту, бизнеспен ақылдаса отырып білім беру бағдарламаларын дайындау, колледждердің метериалдық-техникалық базасын жақсарту, менеджмент пен ұйымдастыру жұмыстарына жаңа бағыт алып келу, дуальді білім беру жүйесін жемісті енгізу секілді кәсіби білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар жайында біз өз блогымызда үнемі хабарлап отырамыз. 
Техникалық және кәсіби білім беру департаментінің директоры сөзінің соңында тегін кәсіби білім алғысы келген жастардың жергілікті әкімшіліктерде, білім беру мекемелерінде, жұмыспен қамту орталықтары мен өңірлік кәсіпкерлер палатасында кеңес ала алатынын айтып өтті. Бұл тақырыпта Насымжан Оспанованың «Колледжге қалай тегін түсуге болады?» атты постын оқуларыңызға болады.

Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1924242447788446