Ал біз емтиханнан алған əсерлерін өз ауыздарынан естіп-білу үшін, талапкерлерді Еуразия Ұлттық университеті алдынан күттік.
Назарларыңызға ҰБТ-2019-дан репортаж ұсынамыз: түлектердің ашық та шынайы пікірлерін, көңіл-күйлері мен сөйлеу мəнерін еш өзгертпеуге тырыстық.
🧑🏻Жақсылық Пірімбетов, Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім-инновация лицейінің (BIL, бұрыңғы Қазақ-түрік лицейі) түлегі: «ҰБТ мен үшін қиын болмады. Шамамен 120 балл жинадым деп ойлаймын. Біздің аудиторияда атмосфера өте көңілді болды. Бақылаушымыз өте жақсы кісі екен, мүлдем қобалжыған жоқпыз. ҰБТ-ны тапсыруға жарты жыл дайындалдым. Таңдау пәнім — математика-физика. Енді Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің IT-мамандығына оқуға түссем ба деймін. Бізден кейін тапсыратын балаларға қатты қорықпаңдар, ҰБТ оңай дегім келеді. Бастысы, таза көңілмен, қобалжымай кіру керек».
👩Сая Қайдар, №5 гимназия түлегі: «Тестілеуге кірерде тұла бойым дірілдеп, мазам кетті. Ішке кірген соң, бойымды жинап, барлық күш-қуатымды тестілеуді жақсы тапсыруға жұмсадым. Қазір иығымнан ауыр жүк түсіп, жеңілдеп қалғандаймын. Оқуға түсеміз деп барынша дайындалып едік, енді қорытындысын күтіп, жоғары болады деп үміттенеміз.
Менің ойымша, қажет балды жинайтын сияқтымын. Мен шетелдік оқу орнына түсіп қойғанмын, ҰБТ мен үшін негіз қалаушы пункт қана. Эстонияда инженерияны оқимын деп жоспарлам отырмын. Оқу сауаттылығы — санаулы минуттарда тапсыруға болатын жеңіл əрі қарапайым пəн, кейбір ойландыратын сəттері де жоқ емес.
Мен үшін ең күрделісі Қазақстан тарихы болды — тарихи даталарды еске түсіру қиын əрі жазғанда желіден жаңылмау қажет. Мен наурызда ҰБТ тапсырғандықтан, қалай болатынын білемін. Кетуге бел байласам да, өзімнің білім деңгейімді анықтау үшін тест тапсырамын деп шештім. ҰБТ — мектепте жылдар бойы қалай оқығанымды көрсететін маңызды сынақ».
👩Карина Адамова, «Зерде» мектебінің түлегі: «Қиын болды. Бақылаушылар, министрліктен келген комиссия жүрді. Балалардың телефондарын алып жатты, мен телефон мен шпаргалка қолданбай, өзім жазып шықтым. Еуразия Ұлттық университетіне түсіп, саясаттанушы болғым келеді. Таңдау пəні ретінде халықаралық тарих пен ағылшын тілін тапсырдым».
Еске сала кетейік, тестілеу қорытындыларын былтырғыдай мына жерлерден білуге болады:
✅ Telegram-боттың көмегімен @MailKZbot;
✅ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында http://testcenter.kz/entrants/ent-results/.
Нəтижесін білу үшін əрбір оқушыға берілетін ТЖК (тестіленушінің жеке коды) енгізу керек.
Министрлік ҰБТ тапсыру кезіндегі кез келген ереже бұзушылықты болдырмау жолында маңызды шаралар атқаруда. Оқушылардың ҰБТ-дан жоғары балл алуға бағытталған үшінші тұлғаның қызметіне тыйым салынады.
Егер сіз осындай жағдайға куə болсаңыз +7 (7172) 69-50-87 телефонына хабарласыңыз немесе Telegram-бот @MailKZcomplaint_bot хабарласыңыз. Құпиялылық сақталады.
Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/2305034743042546
🧑🏻Садықов Ерзат, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Қара егін ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің түлегі: «ҰБТ-ны жақсы тапсырып шықтым. Басында кішкене қобалжу болды, бірақ, бәрі жақсы өтті. Бақылаушылардың тарапынан да қысым көрсетілген жоқ. Телефон алып кірген балалар болды, бірақ мен ештеңе алып бармадым. Телефон, шпаргалка алып кіру дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі ол адамды алаңдатады. Барлық сұрақтарды өз ойыммен, біліміммен белгілеп шықтым. ҰБТ-ға 2 жыл дайындалдым. Мектепте мұғалімдеріміз жақсы дайындайды, қосымша «Шың», «5+» кітаптарын оқыдым. Шамамен, 70 балл жинадым деген ойдамын. ҰБТ-да биология мен география пәндерін тапсырдым. Енді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Жерге орналастыру» факультетіне түсуді жоспарлап отырмын».