Мұнымен қатар, мобильді топтар біздің министрліктің қолдауымен өңірлерде түсіндіру, кәсіпке бағыттау, кеңес беру жұмыстарымен де айналысып жүр. Жыл басынан бері мұндай шаралар Астана, Алматы, БҚО, ОҚО, Ақмола облысы мен Алматы облыстарында өтті. Насымжан Жамбекқызы бағдарлама аясында 23 мамыр күні алматылық журналистер мен блогерлердің қатысуымен пресс-тур ұйымдастырылғанын да тілге тиек етті. «Техникалық және кәсіби білім беру. Сәнге айналған жаңа бағыт па, әлде қажеттілік пе?» атты пресс-тур барысында БАҚ өкілдері Туризм және қонақжайлық индустриясы колледжінде болып қайтты. Бұл жайында біз өз парақшамызда жазған болатынбыз.
«Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын енгізу мен дуальді білім беруді ұйымдастыру мәселелеріне арналып Кентау (25 мамырда), Шымкент (26 мамырда) қалаларында өткен дөңгелек үстелге де ерекше тоқтала кеткен жөн. Ол дөңгелек үстел жұмысына ОҚО, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары білім беру басқармасы өкілдері, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, ОҚО мен Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері, Шымкент қалалық халықты еңбекпен қамту орталығы мамандары, Халықаралық әріптестік бойынша Германия қауымдастығы (GIZ), ҰКП Тәлімгерлікті дамыту жөніндегі Трир қаласының (Германия) шеберлер палатасы, қауымдастықтар мен кәсіпорын, колледж өкілдері қатысты. Жиында негізінен Бағдарлама аясында тегін кәсіби білім беру мен дуальді оқытуды ұйымдастыруға арналған заңдық база талқыланды.
Материалды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Дереккөз: https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1924242447788446
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов бағдарламаның 90 мың қазақстандықты қамтитынын айтты. Вице-министр келтірген мәліметтер бойынша, 21,1 мың адам кәсіби және техникалық білім беру мекемелерінде дайындықтарын бастаса, 35 мың жас қысқа мерзімді кәсіби білім алуға кіріседі. Біржан Бидайбекұлы бағдарлама аясындағы тегін кәсіби білім беру ең алдымен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған түлектер үшін ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, студенттер колледжде тегін оқумен қатар, стипендия алып, жүріп-тұру шығындарына қаражат алып, күнделікті бір мезгіл тегін ыстық тамаққа да қол жеткізе алады.